Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы бұл оқиға 3 қыркүйекте болғанын растады.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан тұрғыны ZOOM-да математика сабағында бесінші сынып оқушыларына порнография көрсетілгеніне шағым түсірді, деп жазады Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, онлайн сабақ барысында оқушыларға порно көрсетілген. Facebook пен Instagram желілерінде бұл оқиғаға қатысты жазбалар пайда болды.
"Онлайн оқып жатқанымызға екінші күн болды. Алайда Zoom бағдарламасында жағымсыз жағдайлар болып жатыр. Неге сіздер 3 айда балалар дұрыс білім алатын қосымша жасамадыңыздар? Балам да, қалғандары да шок болды. Zoom қандай бағдарлама өзі? Неге балаларға дұрыс білім бере алмай жатырмыз", - дейді жазбаның авторы.
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы бұл оқиға 3 қыркүйекте болғанын растады.
"Бесінші сынып оқушыларын Zoom платформасында математика пәні өтіп жатқан кезде оқу процесіне бөгде адамдар араласқан. Олар балаларға ұятсыз слайдтар көрсетіп, балағат сөздер айтқан. Ата-аналардан және мұғалімнен хабарлама алғаннан кейін мектеп әкімшілігі олармен онлайн-кеңес өткізді. Оқушылармен чат және платформаларда жұмыс істеу кезінде этиканы сақтау туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді", - делінген хабарламада.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, сол күні кешке ата-аналар балалардың телефонын тексерген. Бірақ одан нәтиже шықпаған.
Сондай-ақ, білім басқармасы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденовтың атына хат жолдағанын атап өтті.