Айыпталушы 37 дана «Киндер сюрпризді» алып кеткен
ERNUR.KZ. Ақтөбеде бірнеше рет ұрлық жасаған 23 жастағы жігіт ұсталды. Ол қымбат ұялы телефонды ұрлап, сатып жіберген. Кейін ірі супермаркеттен «Киндер сюрпризді» қорабымен алып кетті, деп жазады Aktobenews.
№2 Ақтөбе қалалық сотында А.Азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша іс қаралды.
Іс материалына сүйенсек, бұған дейін бірнеше рет сотталған А.Азамат «Керуен сити» ойын-сауық кешенінде жүрген адамның қалтасынан «Iphone 6» ұялы телефонын жымқырып кетті. Кейін ұялы телефонды сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Қылмыстық істі әрі қарай жалғастырып, сотталушы А.Азамат қаладағы ірі супермаркеттердің біріне кіріп, 37 дана «Киндер сюрпризді» алып кеткен. Сот отырысы кезінде айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, ұрлықпен тапқан заттарының бәрін сатқанын айтып берді.
Бұған дейін сот алдына келіп, екі тараптың татуласуынан соң қылмыстық іс тоқтатылса, соңғы істе бас бостандығынан айырылды.
«А.Азамат Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша 1 жыл 6 айға бос бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», — деді судья А.Бекталиева.