Өкпе обыры: Қазақстанда 2027 жылы скринингтің жаңа әдісі сынақтан өткізіледі

0
161

Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылдан бастап өкпе обырын анықтауға арналған скринингті енгізу жөніндегі бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді.


Өкпе обыры: Қазақстанда 2027 жылы скринингтің жаңа әдісі сынақтан өткізіледі

Фото: akorda.kz

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында өкпе обырын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томография әдісімен пилоттық скрининг жүргізілетінін мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

Ол Үкімет өкпе обырына скринингті кезең-кезеңімен енгізу үшін, соның ішінде заманауи цифрлық шешімдерді қолдана отырып, жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

"Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылдан бастап өкпе обырын анықтауға арналған скринингті енгізу жөніндегі бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді. Осыған байланысты 2027 жылы Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Ұлытау облыстарында төмен дозалы компьютерлік томография әдісімен пилоттық скрининг жүргізу көзделген", – делінген Премьер-министрдің жауабында.

Оның айтуынша, елімізде медицина қызметкерлеріне арналған оқыту іс-шаралары өткізілген. Скринингтен өтетін нысаналы топқа 50–70 жастағы адамдар енгізілген. Ал темекі шегетіндер мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарында істейтіндер жоғары қауіп тобына жатқызылған.