Оқу-ағарту министрлігі: Қазақстан колледждері атом энергетикасы, дрон құрастыру бойынша мамандар даярлай бастайды

0
118

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды.


Оқу-ағарту министрлігі: Қазақстан колледждері атом энергетикасы, дрон құрастыру бойынша мамандар даярлай бастайды
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі ашылды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Ведомство басшысы Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.

«Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Негізгі мақсат – олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда», – деді министр.

Сонымен қатар Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау және дамыту мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады. Мұндай орталық Қытайда, Оңтүстік Кореяда және БАӘ-де табысты жұмыс істеуде. Ал осы күзде Ақтауда TurkicSkills – түркітілдес елдер арасында I кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.

Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі — Жұмысшы мамандықтарының жылын ресми түрде ашатын алғашқы іс-шара. Бұл болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығы үшін құрылған алаң. Фестивальдің бірегей форматы қонақтарға әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға және интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтардың көмегімен экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік береді.

«Жұмысшы мамандықтары қаласында» сегіз тақырыптық көше ашылды: тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және көлік, энергетиктер мен мұнайшылар, ауылшаруашлығы, су шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, сондай-ақ құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина көшелері, сондай-ақ болашақ мамандықтарына арналған көшелер де бар. Сонымен қатар кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 креативті үй ұсынылған.

Бірнеше күн ішінде қала аумағында түрлі семинарлар мен мастер-класстар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, кәсіптер шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер өтеді.

Анықтама: Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент оқиды. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында 2 жыл ішінде колледж студенттерінің стипендиясы екі есе өсті. 2025 жылы студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 153 мыңды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және т.б. қоса алғанда, техникалық мамандықтарға бағытталатын болады.