Министр мектептің тәртібіне бағыну керектігін айтты.
ERNUR.KZ. Кейінгі кезде елдегі оқушы қыздардың шетел жұлдыздарына еліктеп, шашын бояйтын әдеттері пайда болған. Мұндай оқушы қыздар мектепте оқи ала ма? Бұл сұраққа бүгін Астанада өтіп жатқан Тамыз конферениясы алдында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп жазады ulysmedia.kz.
– Жалпы, бір сұраққа көңіл бөлуіміз керек. Биылдан бастап министрліктің қойып отырған талабы – мектептің ішкі тәртіп ережесі бар. Мектеп белгілі бір миссиясынан ауытқымауы керек. Ол – сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бұл істе мектептің ішкі тәртібінде балалардың үлгерімінің жоғары болуы, оның тәртіпті сақтауы және мектеп формасын қатаң ұстануы бекерден бекер жасалып жатқан дүние емес. Жастарымыздың әлем жастарынан кем болмауы үшін жайлы жағдай жасау керек. Сондықтан ата-аналар да, оқушылар да мектепке келген кезде ең бастысы, мықты, білімді азамат болып шығуды және қабілетті тұлға болып қалыптасуын мақсат етуі керек, – дейді Ғани Бейсембаев.
Министр мектептің тәртібіне бағыну керектігін айтты. “Яғни боямай-ақ қойсын дейсіз ғой?” деген сұраққа ол “әрине” деп жауап берді.
Елде жасөспірімдер арасында шашты алуан түске бояу үрдісі белең алды. Мектептегі киім кию тәртібінен аттай алмайтын болған соң оқушылар енді шаштың түр-түсін құбылту арқылы ерекшеленуге бет бұрған. Қызғылт, сарғыш, күлгін, тіпті көк түсті шаш көрсек те таңғалмайтын болдық. Бұл жағдайда екі оттың ортасында қалған ата-анаға қиын: бір жағынан өзін енді ғана тани бастаған баласының еркіндігін шектегісі келмейді, екінші жағынан мектеп әкімшілігінің талабы орынды екенін де түсінеді.