Оқушылар арасында вейп «эпидемиясы» белең алып барады

0
695

Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда.


Оқушылар арасында вейп «эпидемиясы» белең алып барады

ERNUR.KZ. Депутат Мәди Ахметов ел пандемиямен арпалысып жүргенде жасөспірімдер арасында бір реттік вейп «эпидемиясы» белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп жазады, ulysmedia.kz.

«Бүгінде оң-солын танымаған жас ұрпақтың санасын көк түтінмен улаған бір реттік электронды шылымның дәурені жүріп тұр. Жастар арасында вейп таңсық дүние емес, бірақ соңғы уақытта бір реттік түрі пайда болғалы жағдай күрт өзгерді. Сөрелерден шылым кетіп, орнын арнайы сұйықтықты толтыруды, қайта қуаттандыруды қажет етпейтін құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары, бір реттік вейп алмастырды. Осының салдарынан бүгінге дейін мемлекет тарапынан никотинді шектеуге бағытталған ауқымды жұмысты жоққа шығарып отыр», - деді ол үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, кез келген дүкен сөресінде толып тұрған түрлі-түсті мұқабалы, сан түрлі дәмі бар бір реттік вейптен көз сүрінеді. Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсып тұр. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр.

«Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеулерінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есеге, ал қыздар арасында 2 есеге өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр. Аталған зерттеу соңғы екі жыл жүргізілмегендіктен, қазіргі жағдай мүлде белгісіз. Әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған элетронды және бір реттік темекілер бізге Қытайдан ешқандай сертификатсыз, шектеусіз мөлшерде ағылып келіп жатыр. Бір қарыс құралдың құрамы әлі күнге дейін анықталмаған, нақты зерттеу жоқ, никотин дозасын да ешкім бақыламайды», - дейді ол.

Ахметов осыған байланысты отандық нарыққа тұрақты түрде кеден арқылы заңға қарсы, бірде-бір техникалық регламетке сай келмейтін бір реттік вейптер әлі күнге дейін тонналап қалай кіргізіліп жатқанын сұрады. Сондай-ақ ол орын алған жағдайдың анық-қанығын зерделеп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұрады. Одан бөлек депутат бір реттік вейптерді зерттеп, құрамын бұқараға жария етіп, мәселенің мән-жайы анықталғанша, құзыретті мекемелерден бір реттік шылымды сатылымнан алып тастауды, тәркілеуді өтінді. Мектеп маңындағы дүкендерге қоғамдық бақылау ұйымдастырып, заңды белшесінен басқандарға қатаң шара қолдану керектігін мәлім етті.