Олимпиада, Паралимпиада және ұлттық спорт түрлері қайта қарастырылады

0
677

Вице-премьердің айтуынша, спортқа бөлінетін қаржыны нәтижелі әрі тиімді пайдалану үшін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі.


Олимпиада, Паралимпиада және ұлттық спорт түрлері қайта қарастырылады

ERNUR.KZ. Елімізде Олимпиада, Паралимпиада, Азия және ұлттық спорт түрлері жоғары жетістіктер спорт қатарына кіреді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп жазады inform.kz.

«Дене шынықтыру және спорт саласында Мемлекет басшысы қойған мақсаттарды орындау үшін келесі шаралар қабылданады. Алдымен саланы дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Оның біріншісі бұқаралық спорт, кейінгі сатылары жоғары жетістіктер спортына қатысты. Жоғары жетістіктер спорт түрлері қайта қарастырылады. Ол тізімге Олимпиада, Азия, Паралимпиада ойындары, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері кіреді», - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Вице-премьердің айтуынша, спортқа бөлінетін қаржыны нәтижелі әрі тиімді пайдалану үшін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі.

«Спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорттық медицина, фармакология, диетология, психология саласының мамандарын дайындау жүйесі қайта қарастырылады. Әкімдіктермен бірлесе отырып аймақтардағы спорттық инфрақұрылым кеңейтіледі. Бұл өзгерістер Мәжілісте қарастырылып жатқан заң жобасы аясында енгізіледі», - дейді Т. Дүйсенова.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырған еді.