Олжас Бектенов әлеуметтік саланы цифрландыру бойынша бірқатар тапсырма берді

0
114

"Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған, 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығына қатысты деректер біріктірілген.


Олжас Бектенов әлеуметтік саланы цифрландыру бойынша бірқатар тапсырма берді

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады sputnik.kz.
"Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті", - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бақтияр Жазықпаев негізгі цифрлық шешімдерді таныстырды.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылды. Ал 2026 жылдың басынан бері осы санатқа тағы 464 158 отбасы ауыстырылды.
"Әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты әкімдіктермен бірлесіп, үй шаруашылықтары деректерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл санаттағы азаматтар үшін өзгерістер әлеуметтік төлемдердің 36 түрінің тек 14-іне қатысты болады. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері сақталады", - деп нақтылады Асқарбек Ертаев.
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді автоматты түрде толтыру арқылы отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтауға арналған калькуляторды азаматтарға ыңғайлы етуді тапсырды.
Министрліктің мәліметінше, Бірыңғай цифрлық платформаны дамыту аясында бұрын бытыраңқы болған 66 әлеуметтік көмек шарасына ревизия жүргізілді.
"Оның қорытындысы бойынша орталық және жергілікті деңгейлерде ішінара қайталанатын 38 шара оңтайландырылды, ал қалған 28 шара бүкіл ел бойынша бірыңғай тағайындау критерийлері бар 13 ірі бағытқа біріктірілді", - делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жүйе әлеуметтік қолдау көрсетудің өтініш беруден бастап төлемді нақты алуға дейінгі барлық кезеңін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алушылардың санын қадағалауға жағдай жасайды.
Бірыңғай цифрлық платформада әлеуметтік қолдау шараларына өтініш қабылдау және оларды тағайындау функционалы маусым айында іске қосылды. Содан бері жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға өтініштер қаралып, мақұлданды.