Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
Фото: Instagram Перизат Қайрат
ERNUR.KZ. Қаржы мониторингі агенттігі “Biz Birgemiz” қорының басшысы Перизат Қайраттың ісіне қатысты тың деректерді бөлісті. Оған ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңа тергеу тіркелген, деп жазады stan.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді.
“Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сеніміне кіру үшін оңалту орталығына мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-анасын іс-шараға тартқан. Ол таратқан жалған деректерге сәйкес 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңгеге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен. Ол осы ақшаны өзінің қажетіне жаратқан”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Перизат Қайрат "Батыр" қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген. Дегенмен жер телімін 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған. Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажетіне берілді деген ғимарат мүлде жоқ болып шықты.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайратқа мүгедек балаларға арналған орталық салуға жиналған 22 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылған еді.
Еске салайық, “Biz Birgemiz” қорының басшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген еді.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған.