Онлайн оқуға тыйым және телефон ұстауға шектеу: мәжіліс заң қабылдады

0
660

Енді мемлекеттік меншіктегі мектептер мен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салынады.


Онлайн оқуға тыйым және телефон ұстауға шектеу: мәжіліс заң қабылдады

ERNUR.KZ. Қазақстанда студенттерге педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтан білім алуға тыйым салу және мектеп оқушыларының сабақта ұялы телефон пайдалануын шектеу жоспарланып отыр, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мұндай нормалар "Кейбір заңнамалық актілерге білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасында көзделген.

Онлайн оқуға тыйым

Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов технологиялардың дамуы қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңейтіп, біршама мамандық бойынша онлайн оқу үрдісі кең тарағанын атап өтті.
"Бірақ зерттеулер педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша онлайн білім алудың қаупі бар екенін көрсетеді. Сондықтан заң жобасында колледждер мен университеттерде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтан білім алуға тыйым салу туралы норма енгізілді", - деді Аймағамбетов мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ заң жобасында студенттерге берілетін диплом мен транскриптке қоса, арнайы оқу барысында игерген нақты құзыреттіліктері мен дағдылары туралы ақпарат беретін құжат беру құзыреттілігі де қарастырылған.

Мемлекеттік мектептер жекешелендірілмейді

Сонымен бірге заң жобасында мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салатын норма бар. Депутаттардың пікірінше, бұл – өте маңызды норма. Сәйкесінше, енді барлық мемлекеттік білім беру мекемесі жекешелендіруге жатпайды.

Сабақта телефон ұстауға болмайды

"Ұстаздармен болған кездеулерде түскен тағы бір мәселе – оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануы және оны тыю бойынша заңнамада нақты шектеулердің болмауы. Осыған орай, сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да жобаға енгізілді", - деді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, ата-аналардан көп түсетін шағымның бірі – оқушылырдың бағалары мен үй тапсырмаларына тегін қол жеткізу мәселесі.
"Осыған орай, заң жобасында оқушылардың бағалары мен үй тапсырмалары туралы ақпаратты ата-аналарға тегін беру туралы нақты міндеттер белгіленіп отыр", - деп атап өтті мәжілісмен.
Бұдан бөлек заң жобасында жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, ашықтық пен бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған норма бар. Атап айтқанда балабақшаға баланы кезекке қоюды, одан орын беруді және білім беру қызметкерлерін жұмысқа алуды тек бірыңғай ақпараттық бағдарлама аясында ұйымдастыру ұсынылды.

Білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту

Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда білім беру ұйымдары үшін типтік штаттар бекітілген, яғни сыныптардың санына байланысты мекемеде осыншама орынбасар, есепші болу керек деп бекітіледі. Бірақ мекеме басшысында осы штаттарды тиімді пайлалану үшін қажеттілігі жоқ лауазымды керегіне алмастыруға дербестігі жоқ. Сондықтан заң жобасында бекітілген штат саны аясында штат кестесінің лауазымдарын ауыстыру құқығы беріледі.
"Ол қалай жұмыс істейді? Мысалы, типтік штатқа байланысты мектеп директорында 7 орынбасары болуы керек болса, ол өзі орынбасарларының санын азайтып, мысалы 4 орынбасар қалдырып, үшеуінің орнына психолог, әлеуметтік педагог немесе заңгер сияқты қажетті қызметкерлерінің лауазымдарын енгізе алады. Білім бөлімімен штат кестесін келіскенде мұны жылына бір рет жүзеге асыра алады", - деп түсіндірді депутат.
Сондай-ақ колледждер мен мектептерге ақылы қызметтен түскен табысты сол ұйымды дамыту үшін жұмсау құқығын беру ұсынылып отыр. Мектептер мен колледждердің таза табысын өздеріне қалдыру туралы арнайы норма да енгізілген.
Мәжіліс депутаттары заңды қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.