Онлайн санақтан өткендер дәстүрлі санаққа қатыса ма

0
701

Қазіргі уақытта республика бойынша санақ персоналы ретінде 23 мың адам жұмысқа алынған.


Онлайн санақтан өткендер дәстүрлі санаққа қатыса ма

ERNUR.KZ. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов Ұлттық халық санағы дәстүрлі форматта қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап бергендер санақтан өткені туралы хабарламаны көрсетеді. Интервьюер тұрғын үйдегі барлық адамдар санақтан өткеніне көз жеткізгеннен кейін, өз учаскесінің келесі мекенжайына барады. Бұл учаскелер халық санағының 1-30 маусым аралығында өткен бірінші кезеңі барысында қалыптастырылған болатын», - деді Н. Айдапкелов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, 1 қазаннан бастап халықты санақпен толық қамту мақсатында жаппай аралау кезеңі басталды. Ол 30 қазанға дейін жалғасады.

«Қазіргі уақытта республика бойынша санақ персоналы ретінде 23 мың адам жұмысқа алынды. Олардың ішінде 2693 нұсқаушы-бақылаушы және 20 мыңнан астам интервьюер бар. Ерекше атап өтерлігі, олардың барлығы 18 жастан асқан, COVID-ке қарсы вакцина алған, планшет, компьютермен жұмыс істей алатын азаматтар. Барлық интервьюерлерге планшетпен жұмыс істеу, сауал салу жүргізу әдістері бойынша оқыту ұйымдастырылды. Интервьюерде санақ логотипі бар көк шарф және сөмке болады. Электрондық санақ парақтары бар планшет, сондай-ақ, бейдж-куәлік беріледі. Бұл куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады, содан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі. Сондай-ақ, интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады», - деп түсіндірді спикер.