Жүргізілген талдау барысында пациенттердің учаскелік дәрігерлерге де, бейінді мамандарға да өз бетінше жазылуына қатысты шектеулер анықталған.
фото: Sputnik / Санат Имангалиев
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаларда дәрігерге жазылудың нақты қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды, деп жазады sputnik.kz.
Әлназарова пациенттің ешқандай артық ұйымдастырушылық кедергісіз дәрігерге жазылып, қажетті медициналық көмек алуына нақты мүмкіндігі болуы тиіс екенін айтты.
"Егер адам емханаға барып, дәрігерге жазыла алмаса, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы қалай айтуға болады? Бұл – жергілікті жерде қамтамасыз етілуге тиіс базалық мәселелер", – деді Ақмарал Әлназарова.
Жүргізілген талдау барысында пациенттердің учаскелік дәрігерлерге де, бейінді мамандарға да өз бетінше жазылуына қатысты шектеулер анықталған. Бірқатар медициналық ұйымдарда қабылдау кестелері қалыптастырылғанымен, пациенттердің өз бетінше қабылдауға жазылу мүмкіндігі әлі де шектеулі болып отыр.
Сонымен қатар министр денсаулық сақтау басқармаларына медициналық көмектің қолжетімділігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
"Халыққа онлайн да, офлайн да қолжетімді болу қажет. Адам емханаға келіп, өзіне қажетті барлық ақпаратты алуы тиіс. Дәрігерге жазылу мүмкіндігін қамтамасыз ету – жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысы", – деді Әлназарова.
Қазан айынан бастап аумақтық бөлімшелер мен бейінді департаменттер МСАК ұйымдарының белгіленген стандарттарға сәйкестігіне кешенді талдау жүргізе бастайды. Тексеру тек дәрігерлерге жазылу мүмкіндігімен шектелмей, медициналық көмекті ұйымдастырудың жалпы мәселелерін де қамтиды.


