Орал қаласында ер адам тасқын сумен ағып кете жаздады

0
455

Орал қаласы төңірегінде саяжайлар суға кетіп жатыр.


Орал қаласында ер адам тасқын сумен ағып кете жаздады

ERNUR.KZ. Орал қаласында ер адам тасқын сумен ағып кете жаздады, деп жазады inform.kz.

БҚО полиция департаментінің қызметкері, полиция кіші сержанты Әміржан Бірлесовтің мәлім еткеніндей, оқиға 21 сәуір күні шамамен сағат 12.30-да Жайық өзені жайылмаларында орналасқан 1, 2, 3-саяжай аумағында болған.

«Жасанды бөгетті тасқын су бұзып өткеннен кейін бір ер адамның ағып бара жатқанын байқадым. Ұлттық ұлан, еріктілер, ТЖ қызметкерлері және сол маңда болған азаматтар маған көмектесті. Сөйтіп ер адамды құтқарып қалдық» деді Ә.Бірлесов.

БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің нақтылауынша, әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерде су басқан аумақтан бір адамның құтқарылғаны туралы бейнежазба тарады.

Оның сөзіне қарағанда, бейнежазба авторы үкіметтен ешқандай көмек жоқ екенін айтып қалды.

Бұл шындыққа жанаспайды.

Өйткені суға кете жаздаған тұрғынды аман алып қалған азамат — полиция кіші сержанты Әміржан Бірлесов.

Оған Ұлттық ұлан жауынгерлері, еріктілер және ТЖ департаментінің қызметкерлері көмекке келді.

«Құрметті тұрғындар! ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 667-бабына сәйкес құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау заңға қайшы екенін естеріңізге саламыз. Мұндай құқықбұзушылық жасаған адамға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады немесе он бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алынады. Тасқын қаупі төнген күннен бастап күні бүгінге дейін полиция, құқық қорғау қызметкерлері, әскерилер, Ұлттық ұлан сарбаздары және төтеншеліктер су басу қаупі бар аймақтардағы азаматтарға бірнеше рет ескерту жасады, суға кете жаздаған адамға да ескертілген болатын. Өзіңіздің және туыстарыңыздың өмірін қатерге тікпеңіз» деді А.Оразалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Жайықтағы су деңгейі қауіпті шектен асып кеткенін жазған болатынбыз.

Орал қаласы төңірегінде саяжайлар суға кетіп жатыр.

Орал қаласында су басқан саяжайлардан 4 адам құтқарылды.