Оралда баланың спорт алаңында көз жұмуына қатысты сот басталды

0
149

Қайғылы оқиға 2022 жылдың жазында болған.


Оралда баланың спорт алаңында көз жұмуына қатысты сот басталды

Фото: pixabay

ERNUR.KZ. Орал қалалық сотында 11 жасар оқушының спорт алаңында көз жұмуына қатысты сот процесі басталды, деп жазады Azattyq Rýhy.

2022 жылы 27 шілдеде Оралда 11 жасар Нұрәмір Сапарбеков көз жұмды. Баланың үстіне темір қақпа құлап, басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады – ол ауруханаға түскеннен кейін жарты сағаттан соң жан тапсырды.

Сотталушылар орындығында «Орал» спорт клубының бұрынғы директоры Ысқабыл Жалмурзиев отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы («Міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау, адам өліміне әкеп соққан жағдай») бойынша айып тағылып отыр. Ол кінәсін мойындамады.

Прокурор Салтанат Халилова айыптау актісін оқыды. Құжатта балаға ауыр бас сүйек-ми жарақаты, ми соғылуы және бас сүйегінің сынуы деген диагноз қойылғаны айтылған.

Сотта баланың ата-анасы Ақболат және Салтанат Есенәлиевтер кінәлілердің әділ жазалануын талап етті. Әкесі қайғылы оқиға болған күні қақпаның бекітілмегенін, балалар оны ойын алаңында емін-еркін қозғалтып жүргенін атап өтті.

«Сағат сегіздің шамасында бала сыртқа шығуға сұранды. 30 минуттан кейін балалар домофонға қоңырау шалып, Нұрәмір құлап, тұрмай жатқанын айтты. Күйеуім екеуміз жүгіріп бардық, баламыз өз қанына тұншығып жатты. Қақпа жақын жерде жатыр екен. Сосын балалар қақпа оның үстіне құлап кеткенін айтты. Жедел жәрдем оны ауруханаға алып кетті. Ол жақта бізге баланың көз жұмғанын айтты. Бізге қаншалықты ауыр болғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді баланың анасы Салтанат Есенәлиева.

Сотта бірнеше куәгерден жауап алынды. Спорт клубының бұрынғы қызметкері Бауыржан Әлтаяқов қақпа бекітілгенін, бірақ қол астындағы қызметкерлерінің сөзіне сеніп, оны өзі тексермегенін айтты.

Бұрынғы техникалық қадағалау инженері Станислав Федулеев орнатылған қақпалардың жобалық құжаттамаға неліктен сәйкес келмейтінін түсіндіре алмады. Оның айтуынща ойын алаңы көп функциялы болғандықтан, қақпа жылжымалы болуы керек.

Тағы бір куәгер, «Экспо» агенттігінің бұрынғы қызметкері Александр Липай олардың компаниясы қайғылы оқиға болған балалар алаңын салуға қатысқанын айтты.