Оралда "ертең" деген желеуден зығырданы қайнаған көпбалалы аналар шу шығарды

0
904

​Шаһарда атаулы әлеуметтік көмек алатындар санының көбеюіне байланысты жәрдемақы үлестіруде кідіріс болған.


Оралда

ERNUR.KZ. Оралдағы көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмекті уақтылы ала алмай жүр. Жауапты мекеме өкілдері олармен есеп айырысуды күнде ертеңге шегеріп шаршатқан, деп жазады sputniknews.kz.

"Басында 26-сына, одан кейін 29-ына түсті, ол 30-ына сырғыды, одан соң 4-іне ауысты. 10-ы деді. Бүгін ақшамыздың түспегеніне байланысты тағы келіп тұрмыз. Енді 28-іне тағы ауысады дейді", - деп ашынды көпбалалы ана Айжан Сапарова.

Жұрт ақшаның соңынан қууға мәжбүр. Әзірге қаражаттың қолға тиер түрі жоқ. Әкімдіктің күнде "ертең" деген желеуі көптің зығырданын қайнатқан. Бұқара жағдайды қала басшысына да жеткіздік дейді. Алайда оны елей қойған ешкім болмаған.

Ашулы топ тағы да қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде шу шығарды. Тек содан кейін ғана жауаптылар жағдайды түсіндіре бастады. Атқамінерлердің айтуынша, шаһарда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны көбеюінен теңге үлестіруде сәл кідіріс болған. Бұл олқылық алдағы уақытта шешіледі деп сендіреді.

"Қыркүйек-қарашада атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 мың отбасы болса, 1 қарашадан бастап 4041 отбасы алады. Соған байланысты кішкене кешігіп жатыр. Бір аптада барлық қаражат төленеді", - деп түсіндірді Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Наурызбай Дәуешов.