Оралда мүмкіндігі шектеулі жандар енді хоккей және шаңғы спортымен шұғылдана алады

0
1 849

Спорт клубы ашылғаннан бергі 2 жылда жергілікті спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып жүр


Оралда мүмкіндігі шектеулі жандар енді хоккей және шаңғы спортымен шұғылдана алады

ERNUR.KZ. Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың 30-дан аса спорт түрімен айналысуына жағдай жасалған, деп жазады 24.kz.

Мүгедектердің спорт клубы ашылғаннан бергі 2 жылда жергілікті спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Ал соңғы кезде мұнда хоккей және шаңғы спортымен шұғылдануға мүмкіндік пайда болды.

27 жастағы Назгүл Байтүменова тағдырдың жазуымен мүгедектер арбасына таңылған. Алайда өмір сынағы оны жасытқан емес. Бүгінде жергілікті университетте экономист мамандығына оқып жатыр. Оған қоса соңғы екі айда би өнеріне ден қойыпты. Енді Оралда өтетін би байқауына әзірленуде.

Назгүл Байтүменова, Орал қаласының тұрғыны: Әртүрлі би үйреніп жатырмыз. Вальс, танго, самба, румба. Жеке адам билейтін билерді үйреніп жатырмыз.

Мүгедек спортшылар арасында ауыр атлеттер әркез алдыңғы шепте. Облыс құрамасының қоржынына олардың салған жүлдесі салмақты. Өңір атлеттері құрлықтық және әлемдік паралимпиадалық жарыстардың алтын, күміс медальдарын жеңіп алған. Қол күресімен айналысатын Наурызбектің де арманы – дүбірлі додаларда топ жару. Айтуынша, спорттың пайдасы аса зор. Жаттыққалы бері ол 1 минуттай аяғына тұра бастапты.

Наурызбек Нұрберген, Орал қаласының тұрғыны: Өзім жаттығу жасаймын. Балалармен кездесеміз, бірге жаттығамыз, сосын темір көтеріп жарысамыз.

Бадминтон, теннис, шахмат, жеңіл атлетика, суда жүзу, күрес пен дзюдо. Оралдық спортшылардың шындап шұғылданатын спорт түрлерінің қатарына енді следж-хоккей қосылыпты. Олар елімізде бірінші болып мұзға шықан.

Азон Шаймарданов, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры: - Қазір параспорттан 85 спортшы бар, құлағы естімейтін балалардан, сосын оқушы балалар деп айтайын, 30 адам бар, сосын көздері көрмейтіндер бар. Облыста ашылғанына 20-25 жыл болды, бізде ашылғанына 2 жыл болды. Біздің спортшыларымыз жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Бүгінде облыс құрамасында 200-дей спортшы болса, тағы 2 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жан спортзалға тұрақты барады. Оларды қолдауға биыл бюджеттен 60 миллион теңге бөліпті. Мүгедектердің денсаулығын шыңдап, өмірге құштарлығын арттыруда спорттың маңызы ерекше. «Келешекте арнайы спорт кешені салынса, артық болмас еді», – дейді клуб директоры.