Өрт қауіпсіздігіне байланысты 16 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді

0
70

Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау бойынша жұмысты тұрақты жүргізуде.


Өрт қауіпсіздігіне байланысты 16 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді

ERNUR.KZ. Өрт қауіпті маусым аяқталуға жақын, дегенмен өрт жағдайын бақылау тәулік бойы жалғасуда. «Табиғат» ақпараттық жүйесі, орман шаруашылығын бейнебақылау, ғарыш мониторингі және геоақпараттық жүйе арқылы кешенді бақылау жүргізілуде. Бұл өрт ошақтарын дереу анықтап, әрекет етуге мүмкіндік береді. ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ брифингінде осылай деді.

Оның айтуынша, әуеден бақылап, жедел ден қою үшін су шашатын құрылғылары бар авиация жұмылдырылған.

«Бүгінде 28 авиаборт тұрақты дайындықта тұр. Олар күрделі аймақтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 31 орманшылықта 37 механикаландырылған күзет бекеті орналастырылды. Олар өртті дер кезінде анықтап сөндіруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте профилактикалық жұмыстың маңызы зор. Орман-дала алқаптарында Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, орман шаруашылығы қызметкерлері 16 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 4,6 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл сомасы 87,5 млн теңге шамасында», – деді спикер.

Айта кетерлігі, трансшекаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығулар өткізілді. Орман шаруашылығы мекемелері 378 өрт-тактикалық жаттығу ұйымдастырды.