Отбасы банк баспанаға тезірек қол жеткізудің жолдарын түсіндірді

0
85

Жас қазақстандықтар бастапқы жарнаға қанша қаражат жинауы керек?


Отбасы банк баспанаға тезірек қол жеткізудің жолдарын түсіндірді

ERNUR.KZ. Биыл қазақстандық теңгеге 32 жыл толады. Ал теңгемен құрдас азаматтар үшін бұл – мүмкіндіктерге толы кезең. Жас қазақстандықтар белсенді даму үстінде. Олар мансап құрып, отбасылы болып, өз баспанасына қол жеткізуге ұмтылуда. Көпшілігі үшін жаңа үйге қоныстанудың жолы ипотекамен және бастапқы жарнаның болуымен тікелей байланысты. Алайда жастарға бастапқы жарнаны жинау көбінесе қиынға соғады. "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банкте жас азаматтарға аз жинақпен немесе мүлде жинағы болмаса да, өз баспанасына жақындай түсуге септесетін бағдарламалар бар.

"Дипломмен – ауылға" бағдарламасы.

Бұл бағдарламада жинақ мүлдем қажет емес. Несие мөлшерлемесі – небәрі 1%*. Ең жоғары несие сомасы – 2 500 АЕК немесе 2025 жылы 9 830 000 теңге. Бағдарлама дипломы бар және ауылда сұранысқа ие салаларда жұмыс істегісі келетін жастарға арналған. Мұндай салаларға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен, мәдениет, спорт және ауылдық округ әкімдіктеріндегі мемлекеттік қызмет (әкімдер мен олардың орынбасарларынан басқа) кіреді.

Қажетті мамандардың тізімін жергілікті әкімдіктер жыл сайын жасайды. Сондықтан бағдарламаға қатысқысы келетіндер алдымен өздері әкімдікке барып, тізімге енгізілуі керек. Бұдан кейін өтінім Baspana Market (otbasybank.kz) порталында беріледі және несиені рәсімдеу толықтай онлайн өтеді. Бүгінгі таңда 7 388 адам қоныс тойын атап өтті.

"Наурыз" бағдарламасы.

Бұл бағдарламаға қатысу үшін үміткердің қандай мамандықта жұмыс істейтіні маңызды емес. "Наурыз" – болашақ баспанасына ақша жинай бастаған азаматтарға арналған бағдарлама. Қазіргі уақытта өтінімдер белсенді түрде қабылданып жатыр және 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін (қоса алғанда) Baspana Market (otbasybank.kz) порталында жалғасады. Өтінім беру үшін екі негізгі талап орындалуы тиіс:

– өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде өз атында тұрғын үй болмауы керек;

– Отбасы банкінде 2 млн теңге жинақтың болуы.

Егер жас қазақстандық бағдарлама қатысушыларының тізіміне өтсе, онда несие алу үшін жаңа, таза әрлеудегі тұрғын үйді сатып алу кезінде бастапқы жарна – небәрі 10%. Егер пәтер әрлеуі жоқ күйінде сатып алынса, онда бастапқы жарна – 20%. Несие мөлшерлемесі – жылдық 9%**. Сонымен қатар несие сомасына жөндеу шығындарын да қосуға болады.
Айта кетерлігі, "Наурыз" бағдарламасы бойынша берілген несиелердің 60%-ын 35 жасқа дейінгі жастар алған. Бағдарлама алдағы 5 жылда да жалғасады, сондықтан жастарда осы уақыт ішінде ақша жинап, баспана алу мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде 17 мыңнан астам қазақстандық пайдаланды.

Жастарға арналған өңірлік бағдарламалар

Соңғы 8 жыл бойы Отбасы банкте өңірлік жастар бағдарламалары жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарламаларда да белгілі бір мамандық өкілдеріне басымдық беріледі: дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт қызметкерлері, халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары, журналистер, полицейлер мен құтқарушылар.

Бастапқы жарна – 10%, несие мөлшерлемесі – жылдық 5%-дан бастап***. Биыл жастарға арналған бағдарламалар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Ұлытау өңірінде іске қосылды. Жақын уақытта Абай, Маңғыстау және Қостанай облыстарында да басталады.

Осы бағдарламалар арқылы 11 630 отбасы қоныс тойын тойлады. Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банкінде депозитте қаражат жинап, бағдарламаның басталуы туралы жаңалықтарды бақылап отыру қажет.

Отбасы банкінде әрбір теңге – баспана арманын жүзеге асыруға жұмыс істейді.

Қазір банкте 18–35 жас аралығындағы 1,4 миллион жас қазақстандық өз баспанасына ақша жинап жатыр. Бұл жолда мемлекет те қолдау көрсетеді: жыл сайын салымшыларға 20% мөлшерінде сыйақы (жылдық лимит – 200 АЕК) беріледі. 2025 жыл да бұл жағынан ерекшелік болмайды.Осы жылы ең жоғары мемлекеттік сыйақы – 157 280 теңге алу үшін депозитті 786 400 теңгеге толықтыру қажет. Мұны 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасау керек.

Өйткені әрбір теңге, тіпті аз ғана жинақ та болсын, өз пәтеріңнің кілтін бұрайтын күнге жақындата түседі. Бұл мүмкіндікті Отбасы банкінің 129 448 жас салымшысы пайдаланып үлгерді. Олардың барлығы баспаналы болды. Жас азаматтардың алған несиелерінің орташа сомасы шамамен 18,8 млн теңгені құрады.

* ЖТСМ 1%;

**ЖТСМ 9,4% дан 13% дейін;

***ЖТСМ 5,2% дан 5,7% дейін.