50 жастан асқан қазақстандықтар да Pfizer вакцинасымен ревакцина жасату құқығына ие болады.
ERNUR.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде Pfizer вакцинасы неге ақылы түрде қолжетімді еместігін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Журналистер Е. Тоғжановтан Pfizer вакцинасы Қырғызстан мен Өзбекстанда ақылы түрде салынатынын, ал Қазақстанда мұндай мүмкіндік неге берілмегенін сұрады.
«Өзбекстанда да, Қырғызстанда да бұл - вакцина түріндегі гуманитарлық көмек болды. Ал Қазақстанға мүлдем басқа шарттар қойылды. Біз олармен ұзақ келіссөз жүргіздік. Сақтандыру қорын құру туралы талаптар мен шарттар қойылды, әрине, біз мұндай шарттарды қабылдай алмадық. Сондықтан, біз олармен төрт миллион Pfizer вакцинасын бөлек жеткізу туралы өзара келісімге келдік. Келісімде бізде жеке нарықта ақылы түрде салу қарастырылмаған», - деді Е. Тоғжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінен кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Журналистер «гуманитарлық көмекті (Өзбекстан мен Қырғызстанға вакцина түрінде жеткізілген) сатуға бола ма?» деген сұрақ қойды.
«Онысын білмеймін, қалай болғанда да, менің білуімше Pfizer компаниясы бір де бір елде әлі сатуға рұқсат берген жоқ. Қандай схема бойынша жүріп жатыр? Басқа мемлекеттер үшін жауап бере алмаймын, білмеймін», - деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен бірге Е. Тоғжанов отандық вакцина шетелдік вакциналардан кем емес екенін және балама үшін қытайлық вакцина да бар екенін айтты.
«Неліктен біз өз вакцинамызды пайдаланбаймыз, неге басқаларына жармасамыз? Pfizer-ді күтудің қажеті жоқ – бар нәрсені алу керек. Балама ретінде қытайлық вакцина да бар», - деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, Қазақстанда Pfizer вакцинасын егуге болатын санат кеңейтілді. Бұған дейін айтылған 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерге қоса, енді барлық топтағы мүгедектігі бар адамдар да Pfizer ектіре алады.
Одан бөлек, 50 жастан асқан қазақстандықтар да Pfizer вакцинасымен ревакцина жасату құқығына ие болады. Шетелде Pfizer-дің бірінші компонентін алып, екіншісіне үлгермегендер де Қазақстанда Pfizer-дің екінші компонентін сала алады.