Пандемия кезінде сотталғандар миллионнан астам маска тікті – ҚР ІІМ

0
494

Өткен жылы коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстан колонияларында маска мен қорғаныс костюмдері тігілді.


Пандемия кезінде сотталғандар миллионнан астам маска тікті – ҚР ІІМ

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өткен жылы коронавирус пандемиясы басталғанда медициналық маскалардың тапшылығы туындады. Тіпті дәріханаларда сөрелер бос қалған еді. Ал біздің колонияларды мыңдаған тігін машинасы тұрды. Сондықтан, күрделі кезеңде маска тігуді қолға алдық. Сонда бір ай ішінде миллионға жуық маска тігілді. Оның барлығын Денсаулық сақтау министрлігі сертификаттаған», - деді Е. Тұрғымбаев Хабар телеарнасындағы «Ұлттық мүдде» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, сотталушылар маскадан бөлек, полиция қызметкерлеріне арналған қорғаныс комбинезонын тіккен.

«Өздеріңіз білетіндей, полицейлерде қашықтан жұмыс істеу болған жоқ. Республика бойынша қалалар мен облыс орталықтарына, трассаларға 445 блокбекет қойылған еді. Полицейлер 24 сағат бойы жұмыс істеді және оларда вирустан қорғайтын костюм болған жоқ. Сонда полицейлерге арналған жабық комбинезон тігуді бастадық. Сонда біздің колониялардың өнеркәсіптік қуаты жеткілікті екенін көрдік. Оны әрі қарай дамыту қажет», - деді Е. Тұрғымбаев.

Бұған дейін министр Қазақстанның 4 облысында жеке инвестор есебінен жаңа заманауи колониялар салынатынын айтқан еді. Жеке инвестор мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында колония аумағында өнеркәсіптік аймақ ашуға да міндеттеледі.