Пара туралы ақпарат бергендер 11 миллион теңгеге дейін сыйақы алады

0
656

Пара ұсынған адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.


Пара туралы ақпарат бергендер 11 миллион теңгеге дейін сыйақы алады

ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара алғаны үшін ғана емес, бергені үшін де қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін еске салды. Ал пара туралы ақпарат берген адамдарға 11 миллион теңгеге дейінгі сыйақы беріледі, деп хабарлайды Sputnik.kz.

Қылмыстық кодекске сәйкес, пара берген адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ параның 20-60 еселенген мөлшерде айыппұл салу немесе 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Мәселен Қостанай облысында сотталған адамға құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін лауазымды тұлғаға 800 мың теңге пара бергені үшін 24 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Ал Шығыс Қазақстан облысында пара беруші коммуналдық қызметтің лауазымды тұлғасына пара бергені үшін 10 миллион теңгенің айыппұлын арқалады", - деді превенция қызметі басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы онлайн брифингте.

Алматы қаласында пара берген адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде 2 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын пара берген адамдар да жауапкершіліктен құтыла алмайды. Ондай сыйлықтар үшін 200 АЕК (583 400 теңге) көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған.

"Агенттіктің "1424" байланыс орталығына сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат беруге шақырамыз. Ол үшін заң бойынша тиісті ақшалай сыйақымен марапаттау қарастырылған. Егер сіздің хабарламаңыз расталса, онда заң шеңберінде 80 мың теңгеден бастап 11 миллионға дейін ақшалай сыйақы алуға болады", - деп атап өтті Асанұлы.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері республика бойынша сыбайлас жемқорлыққа барған 724 адам анықталды. Олардың үштен бірі – пара бергендер.