Қарағанды маңында жолаушылары бар автобус «Газельмен» соқтығысты

0
81

Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерге жеткізілген.


Қарағанды маңында жолаушылары бар автобус «Газельмен» соқтығысты

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Жол-көлік оқиғасы облыс орталығына жақын маңдағы қала сыртындағы жолда болған. Төрт адам медициналық мекемелерге жеткізіліп, олардың екеуі дәрігерлердің бақылауында алынды, деп жазады inform.kz.

Апат 8 қыркүйекте Қарағандыдан шамамен үш шақырым жерде, «Волынский» мал шаруашылығы қожалығының маңында болған. «Газель» автокөлігі мен «Қарағанды — Жәйрем» бағыты бойынша қатынайтын маршруттық автобус соқтығысқан.

Қарағанды облысының Полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан «Газель» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы, сондай-ақ маршруттық автобустың екі жолаушысы жарақат алған. Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерге жеткізілген.

— Жол-көлік оқиғасы фактісі полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы екі науқасты тексеруден кейін амбулаториялық ем алуға жібергенін нақтылады. Тағы екі адам стационарда ем қабылдап жатыр.

— Науқастардың бірінің жағдайы ауыр. Екіншісінің жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағаланып отыр. Екі зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді, — деп хабарлады ведомство.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жол және ауа райы жағдайына қарай жылдамдықты дұрыс таңдауға, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және қала сыртындағы жолдарда барынша мұқият болуға шақырды.

Апаттың себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.