ERNUR.KZ. Павлодарлық Қайнарбек Ерназарұлы ұмыт болып бара жатқан сүйек ұқсату өнерін жаңғыртуға кіріскен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көнеден келе жатқан кәсіпті дамыту үшін үйірме ашып, оқушылар арасында дәріптейді. Бірнеше айда шебер шәкірттерімен бірге жүздеген туынды жасаған. Оқушылардың арасында айтулы жарыстарда топ жарғандар да бар.
Ыдыс, кәдесый, ыдыс, тұмарлар мен өзге де композияциялар. Қайнарбек Ерназарұлының шеберханасында сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдардың түр-түрін көруге болады.
«Ата мұра» үйірмесі бірнеше ай бұрын ашылды. Халқымыздың көне өнеріне қызығушылық танытқандар да аз емес. Олардың қатарында 12 жасар Рауан бар. Оқушы құс пішіндерін жасауға әуес.
– Мектепте көркем еңбек сабағын оқып жүргенмін. Ол маған өте қатты ұнады, сосын осы үйірмеге келдім. Осы үйірмеге келгеннен кейін біз көптеген өте әдемі заттарды жасай бастадық. Қазір сүйекті жонып жатырмыз, - дейді оқушы Рауан Майданов.
– Маған ұнайды мұнда. Қызық. Сөйлесемін, қамшы жасаймын. Өте күшті, - деді оқушы Ұлан Сағалов.
Бұл үйірмеге келетін балалар бірнеше қолөнер туындыларын жасап үлгерген. Сүйектен кез келген затты жасау үшін мұны алдымен жонып, қашау қажет. Бірнеше апталық тынымсыз еңбектің арқасында осындай керемет заттар пайда болады. Мәселен, осындай бүркіттің пішінін жасауға бірнеше апталық уақыт кеткен.
Шебер бұл ісін табыс табу көзіне айналдырмаған. Оқушылар үйірмеге тегін барады. Мақсаты – ұмытылып бара жатқан сүйек өңдеудің технологиясын өзгеге үйрету, ата кәсіпті жастардың бойына сіңіру.
– Өнерімді кішкене осыларға үйретейін дегенмін. Осы Павлодар облысында дамысын деп тұрмын. Өйткені, біз үйретпесек, қалып қояйын деп тұр бұл өнер. Мен университеттерге бардым Павлодар облысындағы, ешқандай университеттерде үйретпейді. Маманы жоқ. Бізден кейін де із қалсын, - деді үйірме жетекшісі Қайнарбек Ерназарұлы.
Шебердің айтуынша, бұйымды жасамас бұрын сүйекті өңдеп, кептіру керек. Бұл іс те – күрделі үрдіс. Кейін жону жұмыстары басталады. Ең бастысы, сүйек – табиғи, таза шикізат.
– Осыны істеп көрейін дедім. Істеп көрдім және ол шықты. Сосын құрал-саймандарын өз еңбегіме сатып алдым, зергерлердің саймандары керек. Сол саймандармен жонып көргеннен кейін қолым жүрді. Сосын барып балаларға көрсете бастадым. Кішкентай алқа істетіп өздеріне. Балалар үйренді, - деді үйірме жетекшісі Қайнарбек Ерназарұлы.
Қайнарбек Ерназарұлының ендігі мақсаты – үйірмелер желісін барынша кеңейту. Қолдаушылар табылса, әріптестеріне шеберлік сабақтарын жүргізіп, тәжірибесімен бөлісуге әзір.