Үкім заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. № 2 қалалық сотында Павлодар ауданының полиция бөлімінің аға жедел уәкіліне қатысты іс қаралды, деп жазады ulysmedia.kz.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы 2022 жылғы 20 қазанда және 22 қарашада Павлодар аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі бола отырып, ұрлық жасағанын мойындату мақсатында зардап шеккен азаматты азаптап, тергеу мен анықтаудың рұқсат етілмеген әдістерін қолданған. Сондай-ақ балағат сөздер айтқан, ашық алақанмен бет аймағынан, кейінірек оң қолымен жұдырықпен бастың артқы жағынан ұрған.
Прокурор үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші сотталушыны кешіргенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Келтірілген залал ішінара 700 мың теңгеге өтелді. Сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады және іс бойынша жиналған дәлелдемелерге қарсылық айтпады.
– Сот жеңілдететін мән-жайларды (кінәсін мойындау, жасаған ісіне өкіну, келтірілген зиянды ішінара ерікті түрде түзету, мүгедектігі бар жас бала мен әкенің асырауында болуын, бұрын сотталмағанын), ауырлататын мән-жайларды (қабылдаған антты бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы) ескере отырып, минималды қауіпсіздік мекемесінде 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушінің моральдік зиянды өндіріп алу туралы азаматтық талабы 1 млн теңге сомасына, материалдық залал 344 301 теңге сомасына қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.