Павлодарда шенеуніктердің қате есебінен кәсіпкерлер 90 млн теңге шығынға ұшырады

0
570

Білім басқармасы басшысының орынбасары жауапқа тартылды.


Павлодарда шенеуніктердің қате есебінен кәсіпкерлер 90 млн теңге шығынға ұшырады

ERNUR.KZ. Павлодар облысында білім басқармасы бюджетке өтінім жасау барысында есептеулерді қате жүргізіп, салдарынан кәсіпкерлерге 90 млн теңге шығын келді, деп жазады sputnik.kz.

Облыстық прокуратура мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі шарттардың орындалуына талдау жүргізген. Тексеріс барысында тамақтану сомаларын есептеу Кәсіпкерлік кодекстің, тамақтануды ұйымдастыру ережелерінің, салық және бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып жүргізілгені анықталды.
"Білім басқармасы бюджеттік өтінімдерді жасау барысында мектептегі бір реттік тамақтану құнының есебіне қосымша құн салығы ставкасын (12%) назарға алмаған. Тамақтануды ұйымдастырғаны үшін төлем салықты шегере отырып жүргізілген, яғни бір оқушыға 450 теңгенің орнына 402 теңге төлеген", - дейді прокуратурадағылар.
Салдарынан қоғамдық тамақтану саласында қызметті жүзеге асыратын 33 шаруашылық субъектісінің құқығы бұзылған.
Қадағалау актісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру практикасы қайта қаралды. Кәсіпкерлерге 90 млн теңге көлемінде негізсіз ұсталған ҚҚС сомасы төленді.

Жіберілген заңбұзушылықтар үшін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.