Қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр.
ERNUR.KZ. Kaspi Bank су тасқынына байланысты қорға аударған 620 миллион теңгенің жымқырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kaspi Bank АҚ-ның заң кеңесшісі Айдар Кісембаев айтты, деп жазады baq.kz.
Оның айтуынша, 2024 жылдың басында Қазақстанда жаппай су тасқыны басталған. Осыған байланысты 5 сәуірде "Bizbirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Перизат Қайрат атынан Kaspi Bank-ке зардап шеккендерге көмек көрсету туралы ресми хат жолданған.
2024 жылғы 5 сәуірде Перизат Қайраттың атынан 120 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсету туралы алғашқы хат келді. Кейін 8 сәуірде тағы бір хат түсті – бұл жолы 500 миллион теңге сұралған, – деді Кісембаев сотта.
Оның сөзінше, екі хатты қарап шыққаннан кейін банктің басшылығы халыққа көмек көрсету мақсатында жалпы 620 миллион теңгені ForteBank арқылы қорға аудару жөнінде шешім қабылдаған.
Кейін, 1 шілдеде Kaspi Bank-ке Перизат Қайраттың атынан алғыс хаты келіп түсті. Хатқа қор атқарған жұмыстар бойынша есеп қоса тіркелген. Алайда тергеу барысында бұл есепте көрсетілген шығындар мен іс-шаралардың басым бөлігі расталмаған, – деді банк өкілі.
Kaspi Bank бұл сома бойынша толықтай қайтаруды талап етіп отыр.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.
Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.