Көлік 79 млн теңгеге бағаланған.
Фото: sauda.e-qazyna.kz
ERNUR.KZ. 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың автокөлігі сатылымға қойылды, деп жазады inbusiness.kz.
Ақпарат e-qazyna.kz порталында пайда болды. Автокөлікті сатушы ретінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Астана қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті көрсетілген.
"2024 жылы шығарылған қара түсті "Mercedes-Benz S450" маркалы автокөлік, мемлекеттік нөмірі – 777KPK01", – делінген құжатта.
Бұл мүлік мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілмейтіні жазылған. Атап айтқанда, бұл құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды және ҚР Президентінің, мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдар мен олардың аппараты қызметкерлерінің қызметін қамтамасыз ететін органдарға қатысты.
Құжатта көрсетілгендей, көліктің нарықтық құны 79 415 000 теңге делінген. Өтінімдерді қабылдау 7 сәуірде аяқталады.
Айта кету керек, бұған дейін Перизат Қайрат – 10 жылға, анасы – 7 жылға сотталғанын жазғанбыз.
2024 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа тиесілі болған жылжымайтын мүлік пен бірнеше автомобильдерге шектеу қойған болатын.


