Полицейдің жұмбақ өлімі: министрлік түсініктеме берді

0
479

Құқық қорғау органдары қалааралық тас жолда тәртіп сақшысын қағып өлтірген көлікті іздестіріп жатыр.


Полицейдің жұмбақ өлімі: министрлік түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Бір күн бұрын қалааралық тас жолда көлік қаққан белгілері бар полиция қызметкерінің мәйіті табылды. Қазір жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші іздестірілуде, деп жазады sputnik.kz.

Қазақстан ІІМ-нің хабарлауынша, жол апаты 28 сәуірде республикалық маңызы бар Челябі-Новосібір тас жолында (Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін аумақта) болған.
"48 жастағы полиция қызметкерін қағып, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды", - делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Олар қазір адамды соққан көлік жүргізушісін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
"Көлік құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады полицейлер.
Сонымен бірге Қазақстанның Ішкі істер министрлігі қаза тапқан адамның кім екенін жарияламады.
Дегенмен, el.kz сайтының дерегінше, жол апатынан облыстық ішкі істер департаменті жетінші бөлімінің басшысы Сапар Ауғалиев көз жұмған, редакция ақпарат әлі расталмағанын атап өтті.
Көптеген сынық жарақаты бар марқұмның денесі "Мария" дәмханасының жанынан табылды.