Бүгін ҚР Полиция күні.
Осыдан 32 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдаған болатын. Тиісінше, бұл ел аумағындағы тәртіп сақшыларының міндеті мен қызметін айқындаған тұңғыш құқықтық құжат болды. Ал, 2007 жылдың 5 маусымында ел президентінің пәрменімен 23 маусым – ҚР Полиция күні болып бектілді. Содан бері аталмыш кәсіби мерекеде сала ардагерлеріне, еңбегі сіңген қызметкерлерге және қазіргі уақытта қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, азаматтардың құқықғын қорғап жүрген жауынгерлерге айрықшы ілтипат көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, қызмет жолында басын бәйгеге тігіп, өзгелердің тағдыры үшін өз өмірлерін қатерге тіккен марқұмдардың әруағына тағзым жасау да ұмытылған емес. Осылайша Полиция күні ондаған жылдар бойы қоғамдық маңызы бар мерекелердің бірі де бірегейіне айналды. Осы орайда біз Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Асқаровқа бірнеше сауал жолдап, қарбалас жұмыс арасында тәртіп сақшыларының бүгінгі қоғамдағы рөлі, қызмет бабындағы қызық пен қиындық сынды әңгімелерін тыңдадық және оны көзі қарақты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
- Ерлан Ержігітұлы, бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сұхбатымызды өзіңізді оқырманға таныстырудан бастасақ. Қай кезде, қайда дүниеге келдіңіз, жоғары білімді қайда алдыңыз?
- Бауыржан мырза, құттықтауыңызға алғысымды білдіремін. Мен 1984 жылы бұрынғы Мақтаарал ауданы, қәзіргі Жетісай ауданында дүниеге келгенмін. Орта оқу орнын тәмәмдаған соң, 2001 жылы Шымкент қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің құқықтану мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түстім. Сол кезеңде сот органдары бағытында қызмет жасау мақсатым еді. Алайда бала күнімде полицияның нысанды киіміне қызығатынмын. Сондай-ақ әкем полиция органында қызмет атқарған. Сондықтан әке жолымен осы салаға қызметке орналастым.
- Бұл саладағы еңбек жолыңыз қашан басталды? Сол сәттен бастап қандай қызметтер атқардыңыз?
- Ішкі істер органындағы еңбек жолым 2006 жылы Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы лауазымынан басталды. Сол басқармада учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты аға инспектор, әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, Шымкент қалалық Абай полиция бөлімінде жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, сонымен қатар Шымкент қалалық Полиция басқармасында, Оңтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінде бірқатар лауазымдарды атқардым. 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын ұйымдастыру және бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы лауазымына өз қалауыммен ауысып келдім. 2023 жылдың қазан айынан аталған басқарманың бастығының орынбасары лауазымына тағайындалдым. Менің ұжымымның ортақ міндеті – қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалау болып саналады.
- Полиция қызметінің бүгінгі қоғамдағы рөлі мен маңызы қандай?
- Мен үшін құқық қорғау органында қызмет жасау үлкен жауапкершілік. Сондай ақ, полиция қызметі – халықпен ең жиі және тығыз жұмыс істейтін орган. Кез-келген оқиға орын алған жағдайда азаматтармен алғашқы қарым-қатынасқа түсетін полиция қызметкері. Яғни, халық біздің іс-әрекетімізге қарап, полицияға деген көзқарастары қалыптасады деп айтуға болады. Б-Полиция қызметкерлері қоғамның әрбір бөлігінде қызмет атқаратын жауапты мамандар.
- Тәртіп сақшыларына кейде үй бетін көрмей қызмет етуге, тіпті басын қатерге тігуге тура келеді. Қызмет пен жеке отбасылық өмірдің тепе-теңдігін қалай сақтайсыздар?
- Сұрағыңыз өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» демекші, жұбайыма, ұл-қыздарыма демалыс күндері ерекше көңіл бөлемін. Үстел басында балалардың күнделікті шұғылданған істерін, сабақ кезеңінде жеткен жетістіктерін тыңдап, өзімнің басымнан өткен қызықты сәттерді бөлісіп, оларды ынталандырып, бағыт-бағдар беріп отырамын. Ал қызметке келсек уақытын үнемді және ұтымды пайдалану ол әркімнің өзіне байланысты. Сондықтан берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді сенімді, адал ниетпен атқарған қызметкер барлығына үлгереді деп ойлаймын.
- Қазіргі Қазақстан түрлі реформаларға толы болып жатыр. Осы ретте тәртіп сақтау саласындағы тың бастамаларды, тиімділігі мол өзгерістерді атап өтіңізші.
- Бүгінде қауіпсіз қоғам қалыптастыру мақсатында полицияның сервистік модельге көшуі іске асырылуда. Полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру ең алдымен полиция қызметкерлеріне деген сенімге, серіктестік қағидаттарына негізделуде. Жергілікті атқарушы органдар, басқа да құзырлы басқармалар мен жұмысшы топтар құрылып, соңғы жылдарда орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтардың түрлері мен орындары, апта күні және уақыттары бойынша саралау жұмыстары жүргізілуде. Қауіпті деп белгіленген учаскелер патрульдік нарядтармен күшейтілді. Сондай-ақ, жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Жалпы, қазіргі ақпараттық технологияның дамуы бізге проблемалармен қатар, көптеген мүмкіндіктер сыйлауда. Бастысы – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану.
- Полицей болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
- Жалпы, қандай мамандық болмасын өзіндік жауапкершіліктері болады. Соның ішінде полиция қызметкері болсаңыз, кейде өзіңнен бұрын өзгенің амандығы үшін басыңды қауіпке тігуге тура келеді. Дегенмен, мұндай екен деп тәртіп сақшысы болудан қашудың да реті жоқ. Бастысы – әркімнің таңдауы жүрек қалауы болғаны дұрыс. Қандай қызметке болмасын, «ішсем, жесем, жымқырсам» деп емес, «елге пайдам тисе екен» деп барған жөн.
- Мереке мезеттерінде бізге де уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Қазақстан полициясының абырой-беделі артып, әлемдік арнеадағы орны биіктей берсін!
Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,