Премьер-министр: Президенттің халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау – Үкіметтің басым бағыты

0
160

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қаралды.


Премьер-министр: Президенттің халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау – Үкіметтің басым бағыты

ERNUR.KZ. Отырыста өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев сумен жабдықтау және су бұру саласындағы тарифтік саясат туралы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев саланы цифрландыру туралы баяндама жасады. Сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері сөз сөйледі, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметтері бойынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қала халқының 99,3%-ы және ауыл халқының 97,5%-ы қол жеткізе алады. Еліміздің 90 қаласының 73-і 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 17 елді мекен де жыл соңына дейін ауыз сумен 100% қамтылады, деп хабарлады Ерсайын Нағаспаев.

Олжас Бектенов сумен жабдықтау саласындағы жобаларды уақытылы аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат Республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді. Сондықтан елді мекендерді сумен қамтамасыз ету – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр климаттың өзгеруі, суды тұтыну көлемінің артуы және су ресурстарының тапшылығы жағдайында заманауи тәсілдер мен үнемдеу технологияларын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті, су құбырларын дамытуға айрықша назар аудару керек. Бұл жұмысты елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізу қажет.

Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов өнеркәсіп және құрылыс, су ресурстары және ирригация министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне инфрақұрылымдық бірқатар жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды.

Мәселен, Су ресурстары мен ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің алдына қысқа мерзімде елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндеті қойылды.

«Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы жылдың 1 тамызына дейін Жезқазғанда су тазарту құрылысын реконструкциялау жобасын қосымша қаржыландыру жөнінде шешім қабылдауы қажет.

Сонымен қатар, Премьер-министр коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту және желілердің тозу деңгейін әрі қарай төмендету қажеттігін атап өтті.

«Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмыстарын жандандыру қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға маңыз берілуі тиіс. Бұл мәселе қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында шешімін табады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді.

  • Өңір әкімдіктері – жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан барлық жобаларды пайдалануға беруді қамтамасыз етсін.
«Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуы қажет.

  • Өнеркәсіп министрлігі желілерді жаңғырту кезінде қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарының өнімділігін ұлғайтуға және ағынды суларды тазарту сапасын арттыруға баса назар аударуы керек. Әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке қарай «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуі қажет.
  • Су ресурстары және ирригация министрлігі осы жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын аяқтауды қамтамасыз етуі керек. Бұдан әрі Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026-шы жылы топтық су құбырларын бірыңғай кешендер ретінде әкімдіктердің балансына беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу міндеті қойылды.
  • Су ресурстары және ирригация министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, су объектілерінің цифрлық паспорттары мен интеллектуалдық су кадастрын енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды.
  • Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, Ұлттық жоба шеңберінде көзделген инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет.