​ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

0
52

​«Заң және тәртіп» қағидаты бойынша қала мектептерінде түсіндіру жұмыстары мен жастар арасында түрлі шаралар жүйелі түрде өтіп жатқаны белгілі.


​ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

ERNUR.KZ. Бүгін осы бағыт аясында Шымкент қаласындағы №65 мектепте 8–11 сынып оқушылары арасында мазмұндама жазылды. Шараға 1200-ден астам оқушы қатысып, тақырыпты өз түсініктері мен түйген ойлары арқылы қағаз бетіне түсірді. Бұл арқылы мектеп жасындағы балалардың құқықтары мен міндеттерін қаншалықты меңгергенін бағалауға мүмкіндік туды. Жалпы, қазіргі жастар өз құқықтарын жақсы біледі.

– Полиция және балалар қауіпсіздігі – іс-шараның негізгі өзегі. Басты мақсат – оқушылар бойына қажетті дағды мен құндылықтарды сіңіру, жауапкершілікке баулу. Өйткені кез келген қауіпсіздік ең алдымен адамның өзі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуден басталады. Мазмұндама жұмыстарында ұлы тұлғалардың, шығыс ойшылдарының қанатты сөздері де кеңінен қолданылған. Солардың ішінде «Әлемді өзгерткің келсе – өзіңді өзгерт» деген даналық сөз оқушылардың ойына ой салып, мінез-құлықтың дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Осындай алдын алу шаралары балалардың бойында құқықтық мәдениеттің артуына оң әсер етеді, – дейді мектеп директоры Алмас Қайыпов.
Оқушылар шараға белсенді қатысты. 9-сынып оқушысы Көркем Дәуіт мазмұндамасында «заң мен тәртіп» ұғымдарын өзінше талдап, құқықпен қатар әр адамның міндеті де бар екенін ерекше атап өткен. Оның жазуынша, қауіпсіз орта – бұл бір-бірін құрметтейтін, ережені сыйлайтын, өзгеге зиян келтірмеуге тырысатын орта. Көркемнің айтуынша, тәртіп бар жерде ғана тыныштық пен әділдік орнайды. “Сондықтан әр бала өзінен бастап қоғамға пайда тигізуге ұмтылуы керек” дейді жеткіншек.
Айта кетейік, дәл осындай мазмұндама жазу шарасы қаладағы №46 мектепте де өтті. Онда да оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, құқықтық мәдениет туралы түсініктерін кеңейтті. Оқушылардың белсенділігі бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетті.