Заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заңның негізгі мақсаты - Қарулы Күштер және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар арсеналдарының, базалары мен қоймаларының жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдай туындауы мүмкін жағдайда халықты қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Бұған дейін заңда оқ-дәрілерді сақтауға арналған арсеналдар, базалар мен қоймалардың жанында тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандарды белгілеу бөлігінде бірқатар кемшіліктер мен мәселелер анықталған болатын. Бұл кемшіліктер Арыстағы жарылыс кезінде айқын көрінді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды