Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды.
ERNUR.KZ. Елордадағы «Астана Опера» опера және балет театрында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шара басталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Айта кетейік, 2019 жылдың мамырында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулысы жарық көрген болатын. Қаулыға сәйкес, Абай мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілді.
Алдағы уақытта Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылданып, Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференция жұмысына Германияның Гете институтынан, Түркиядан, Моңғолиядан, Қытайдан, Америкадан және Канададан, Татарстан мен Әзербайжан сынды өзге де мемлекеттерден Абайдың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеп жүрген зиялылар қатыспақ.
Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді.
йта кетерлігі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 қаңтарда жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мерейтойына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатындығы айтылған. Оның ішінде тамыз айында Семей қаласында UNESCO-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
«Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі. Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады», - деп жазған еді Мемлекет басшысы.