Қылмыстық процеске үш буынды модель енгізу 2020 жылдан бері жүзеге асып келеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдан бері елімізде қылмыстық процеске кезең-кезеңмен үш буынды модель енгізу басталғанын жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жаңа модельдің бірінші кезеңі 2020 жылы енгізілді.
«Осы модель бойынша прокурор тергеудің негізгі шешімдеріне келісім береді. Бұл – адамды күдікті деп тану, оның жасаған әрекетін саралау, істі тоқтату немесе қысқарту және басқалары. Оларды прокурор мақұлдамаса тергеу шешімдерінің заңды күші болмайды. Қылмыстық-процестік кодексте келісім беру мерзімдері және оның барлық процедуралық тұстары нақты жазылды.
Келісім беру процесі «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» арқылы электронды түрде онлайн форматта жасалады. Тергеуші әзірлеген бойда қаулы электрондық жүйеде бірден прокурорға түседі. Егер шешім заңды болса, прокурор оған цифрлы қол қойып, сол сәтте оны тергеушіге қайтарады», - деді спикер.
Жаңа модельді енгізген уақыттан бері прокурор «фильтрі» арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімдері өтті. Нәтижесі ойдағыдай болды.
«Тергеу сапасы жақсарып, заңсыз шешімдер саны азайды. Осы жолы үш буынды модельдің үшінші кезеңі басталды. Енді прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін өздері әзірлейді. Прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша 191 айыптау актісін жасап, сотқа жолдады.
Енді тергеу аяқталған соң прокурорлар тағы да істің барлық материалдарына толық талдау жасайды. Талдау нәтижесі бойынша айыптау актісін әзірлеп, істі сотқа жібереді, не болмаса қайта қарауға тергеушіге кері жолдайды немесе істі мүлдем тоқтатады. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақтарға тәуелсіз баға беру механизмін күшейтті. Адамды айыпталушы деп сотқа жолдағаны үшін жеке жауапкершілік күшейді. Демек, бұл механизм тергеу қателеріне және негізсіз айыптауға жол бермеудің тағы да бір фильтріне айналды», - деді Бас прокурордың орынбасары.
2023 жылдан бастап барлық сыбайлас жемқорлық туралы істер, 2024 жылдан бастап қалған қылмыстық істер осы тәртіпке көшетін болады.