QazVac вакцинасын шетелге экспорттауға дайынбыз – Тоқаев

0
382

​Ол Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын дайындап, шығарған санаулы елдердің бірі екенін атап өтті.


QazVac вакцинасын шетелге экспорттауға дайынбыз – Тоқаев

ERNUR.KZ. Қазақстан коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны шет елдерге экспорттауға дайын. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Президент Қазақстан ғылыми әлеуетінің арқасында коронавирусқа қарсы өз вакцинасын дайындап, шығарған санаулы елдердің бірі екенін атап өтті.

"Біз вакцина өндірісін ұлғайтуға және шетелге экспортқа шығаруға дайын екенімізді атап өткім келеді", - деді Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында.

Мемлекет басшысы өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен кездесу өткізгенін еске салды. Айтуынша, ұйым QazVac-ты төтенше жағдайларда пайдалануға ұсынылатын дәрі-дәрмектің тізіміне енгізу мәселесін қарастырады.

QazVac – "өлтірілген" вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек, құрамында су және аздап тұз бар.

Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты COVID-19-ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне енгізді.

QazVac вакцинасын білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі.