Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.
ERNUR.KZ. Биылғы жыл Павлодар облысының шаруалары үшін өнімді болды. Олар астық пен картоп жинау көлемі бойынша рекорд орнатты. Сондай-ақ, аталмыш өңірде еліміздегі қарақұмық егістіктерінің ең үлкен көлемі орналасқан. Атап айтқанда, қарақұмықтың 54%-ы дәл осы облыста өсіріледі, деп жазады inbusiness.kz.
Павлодар облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы жылы жергілікті шаруалар 873,2 мың гектардан дәнді дақылдарды, 266,8 мың гектар алқаптан майлы дақылдарды, 89 мың гектардан жем-азық пен 20,3 мың гектардан картоп жинады. Соның ішінде 837,2 мың гектар жерден 1 млн 54 мың тонна астық алды.
Шығымдылық гектарынан 12,1 центнерді құрады. Бұл – 30 жылда алғаш рет орын алып отырған көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, былтыр 600 мың тоннадан астам астық жиналған болатын. Сол сияқты картоп көлемі бойынша рекорд жаңарып отыр.
Өткен жылы өңір шаруалары 546 мың тонна өнім алса, биылғы көлем 605 мың тоннаны құрады. Мұның барлығы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жалпы өнім көлемінің ұлғаюына оң ықпал етуі тиіс. 2019 жылы ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы сомасы 255 млрд теңгеге тең болса, осы жылы 350 млрд теңгеге дейін жетеді деген болжам бар.