Реновациялау бағдарламасы аясында тұрғындар өз пәтерлерін «бөлмеге - бөлме» қағидаты бойынша тапсыра алады

0
93

Бұл ретте әкімдік реновациялау аймағын айқындайды, нысандардың тізімін жариялайды, қажет болған жағдайда инженерлік коммуникацияларды тартады.


Реновациялау бағдарламасы аясында тұрғындар өз пәтерлерін «бөлмеге - бөлме» қағидаты бойынша тапсыра алады

ERNUR.KZ. Биыл Қазақстанда 224 көппәтерлі тұрғын үйді бұзу жоспарда бар. Қазір әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, сондай-ақ осындай үйлердің меншік иелерін жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтемақы төлеу және қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алу арқылы қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте Тұжырымдамада және жергілікті деңгейде бекітілген реновациялау бағдарламаларында көзделген тетіктер қолданылуда. Бұны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялауға арналған жаңа өнім - кепілдік беру тетігін әзірледі. Бұл құрал реновациялау жобаларына жеке инвестицияларды тартуға бағытталған және үлестік құрылыс туралы заңнамада белгіленген тәртіпке ұқсас тұрғын үй меншік иелерінің құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етеді. Реновациялау процесінде тұрғындар өз пәтерлерін «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша тапсыра алады, ал құрылыс салушылар «ҚТҮК» АҚ-ның кепілдіктерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады», – деді спикер.

Бұл ретте әкімдік реновациялау аймағын айқындайды, нысандардың тізімін жариялайды, қажет болған жағдайда инженерлік коммуникацияларды тартады. Құрылыс салушы инвестор компаниямен реновациялау туралы шартты (келісімді) жасасады, тұрғындармен келіссөздер жүргізіп, олардың мүлкін «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша құрылыс салушыға беру жөніндегі келісімдерін (қолдарын) жинайды, реновациялау аясында кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін «ҚТҮК» АҚ-ға жүгінеді және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуды және жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етеді.

«ҚТҮК» АҚ реновациялау аясында кепілдік беру туралы шартқа (барлық тұрғындардың келісімі алынғаннан кейін) қосылады және Құрылыс салушыға реновациялау аясында кепілдік беру туралы шартты береді.

Меншік иелері уәкілетті компаниямен үлестік қатысу шарттарын жасасады. Яғни реновациялау аясында кепілдік беру туралы шартта жобаны кезең-кезеңімен іске асыру, техникалық-экономикалық көрсеткіштер және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде Уәкілетті компания сақтауға тиіс өзге де міндетті түрде орындалуы керек шарттары көзделеді.

Сондай-ақ Қ.Мыңбаев реновация шеңберінде кепілдік берудің артықшылықтарына тоқталып өтті. Мәселен, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігінің болуының арқасында құрылыс объектісі аяқталғаннан кейін апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің тұрғындарының құқықтары 100% қорғалады. Сондай-ақ үлескерлерге салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу үшін екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық кредиттерін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Ал, тұрғын үй қоры заманауи стандарттар мен жайлы өмір сүру талаптарына сәйкес жаңартылады.