Respublica партиясы үшін жаңа Конституцияның қалыптасқан мемлекет пен кемел қоғам моделіне көшу үдерісін айқындауы маңызды.
ERNUR.KZ. Respublica партиясы Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістерді қолдайды және оларды елдегі саяси жаңғырудың қисынды жалғасы ретінде қарастырады.
Жаңартылған Конституция қазіргі Қазақстанның негізгі құндылықтарын, оның ішінде егемендік пен аумақтық тұтастықты, заң мен тәртіптің үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, қоғамдық келісім мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті бекітеді. Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына, адам капиталын дамытуға, ғылымға, білімге, инновацияға және экологиялық жауапкершілікке басымдық берілген.
Өзгерістер басқару нысанын президенттік республика ретінде нақтылап, «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделінің тепе-теңдігін күшейтеді. Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.
Маңызды тұжырымдардың бірі – халықтың тек биліктің қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге егемендіктің бірден-бір иесі ретінде конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл норма конституциялық құрылыстың логикасын одан әрі нығайтады.
Жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, жеке адамның қол сұғылмаушылығына, жеке өмірдің қорғалуына және кінәсіздік презумпциясына кепілдіктерді күшейтеді. Сонымен қатар құқықтар мен міндеттердің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Respublica партиясы үшін жаңа Конституцияның қалыптасқан мемлекет пен кемел қоғам моделіне көшу үдерісін айқындауы маңызды. Бұл модель әділдікке, заңдылыққа және Қазақстан азаматтары мен болашақ ұрпақтың мүддесіне сай тұрақты дамуға негізделуі тиіс.


