5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығының басшылығы жауапқа тартылуы мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Риддердегі жылу электр орталығында жедел штабтың отырысына қатысты. Оның айтуынша, орталық басшылығы апатты жағдайды жою бойынша ешқандай шара қолданбаған. Штаб мамандары қазандық агрегаттарында апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының жеделдетілген жоспарын құрды.
«Қаланы жылумен жабдықтауды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспары бар. Қазір 3 қазандық іске қосылды. Судың температурасы 60 градустан асады, тұрғын үйлер айтарлықтай жылыды.
№6 жоғары қысымды қазандықта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті сынақтардан кейін ол жылу жүйесіне қосылады.
Сондай-ақ іске қосылатын №4 қазандық та күрделі жөндеуден өтті.
Ал №5 қазандықты жөндеуге біраз уақыт кетеді. Мұнда электр кабель желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. ЖЭО басшылығы болса бірде-бір қазандық агрегатын жөндеген жоқ», - деді аймақ басшысы.
Даниал Ахметовтің айтуынша, қазір ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті «Риддер ЖЭО» АҚ басшылығын жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда.
Айта кетейік, бүгінде орталықтағы жөндеу жұмыстарын 13 мердігер ұйымнан тартылған 130 адам жүргізуде.
Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.
Төтенше жағдайға байланысты қаладағы мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқыды.
10 қараша күні Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды.
14 қарашада жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүріп жатқаны хабарланды.