Сағынтаев үкімет отырысын көңіл айтудан бастады

0
1 238

Бүгін премьер-министр кезекті үкімет отырысын Шу станциясында болған төтенше жағдайдан бастады. Үкімет басшысы вагондардың жолдан шығып кетуі салдарынан көз жұмған қарағандылық баланың туған-туыстасрына көңіл айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.


Сағынтаев үкімет отырысын көңіл айтудан бастады

фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев 17 маусым күні болған қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан марқұмның отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Бүгін премьер-министр кезекті үкімет отырысын Шу станциясында болған төтенше жағдайдан бастады. Үкімет басшысы вагондардың жолдан шығып кетуі салдарынан көз жұмған қарағандылық баланың туған-туыстасрына көңіл айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.

"Өкінішке қарай, бір бала қаза тауып, жараланғандар да бар. Қаза болған баланың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Сол күні шұғыл түрде инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, "ҚТЖ" компаниясының арасыда комиссия құрылды. Компания басшысы шұғыл Шуға жол тартты", — деді Сағынтаев үкімет отырысында.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Астанадан жіберілген арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс бойынша куәгелерден жауап алынуда, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу ІІМ мен Бас прокуратураның бақылауында", —деді министр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов зардап шеккендер мен қаза тапқан жолаушы туралы ақпарат берді.

"25 адам түрлі жарақат алып, 1 адам қаза тапты. Қайтыс болған жолаушы 2006 жылғы Қарағанды облысының тумасы, ол оқиға орнында көз жұмды. Сараптаманың алдын ала қорытынды нәтижесі – жабық бас сүйек-ми жарақаты. Миға қан құйылып, ісік және мидың ісуі диагнозы қойылды. Медициналық көмекке Жамбыл облысында 17, Алматы қаласында 8 азамат жүгінді. 24 науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды", — деді Біртанов.

Бақытжан Сағынтаев аталған істі жеке бақылауына алатынын атап өтті.

"ҚТЖ" Қарағанды облысы әкімдігімен бірлесіп қаза тапқан баланың отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерді сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, бақылауға алсын. Ішкі істер министрлігі инвестициялар және даму министрлігімен, "ҚТЖ" компаниясымен бірлесіп, жағдайды бақылауда ұстасын. Мен де аталған істі жеке өз бақылауыма аламын", —деп түйіндеді премьер.