Сауда нысандары мен ойын-сауық орталықтарын өрттен сақтандыру міндеттелді

0
91

Бұйрық 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.


Сауда нысандары мен ойын-сауық орталықтарын өрттен сақтандыру міндеттелді
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен Төтенше жағдайлар министрі адамдар көп жиналатын, ауданы екі мың шаршы метрден асатын нысандарды өрт қауіпсіздігі саласында міндетті сақтандыруға жататын нысандар тізімін және міндетті сақтандырудың үлгілік шартын бекітті, деп жазады zakon.kz.

Өрт қауіпсіздігі саласында сақтандыруға жататын объектілер тізбесі:

  • Сауда объектілері (бірыңғай ғимарат немесе бірыңғай объектінің ғимараттары мен құрылыстарының кешені) – құрылыстардың жалпы ауданы 2000 шаршы метрден асады.
  • Ойын-сауық орталықтары (бірыңғай ғимарат немесе бірыңғай объектінің ғимараттары мен құрылыстарының кешені) – құрылыстардың жалпы ауданы 2000 шаршы метрден асады.

Сондай-ақ, үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіргені үшін адамдар жаппай болатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жүктелген сақтандырудың үлгілік шарты да белгіленді.

Сақтандырушымен шарт жасасқан Сақтандырушылар мен Адамдар жаппай болатын объектілердің иелері үшінші тұлғалар болып табылмайды.

Сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау және оны жүзеге асыру тәртібі

әрбір жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген және мыналарға алып келген зиян үшін:

– өлім – бес мың;

– мүгедектікті белгілеу:

  • бірінші топ – төрт мың;
  • екінші топ – үш мың;
  • үшінші топ – бір мың бес жүз;
  • бала – үш мың;

– мүгедектік белгіленбей мертігу, жарақат алу немесе денсаулықтың өзге де зақымдануы – амбулаториялық және (немесе) стационарлық емдеуге арналған нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ жеті жүз елуден көп емес;

– бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін – келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ бір мың бес жүзден көп емес;

– бір мезгілде екі және одан көп жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін – келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ әрбір жәбірленушіге бір мың бес жүзден көп емес.

Барлық жәбірленуші бойынша мүлік жөнінде сақтандыру төлемдерінің жалпы мөлшері он мың айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс. Жәбірленушілердің мүлкіне келтірілген зиян мөлшері сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемінен асып кеткен жағдайда әрбір жәбірленушіге сақтандыру төлемі оның мүлкіне келтірілген зиян дәрежесіне мөлшерлес жүзеге асырылады.

Сақтандыру төлемі үшін мынадай құжаттар (қолма-қол қағаз нұсқада және (немесе) электрондық нұсқада) ұсынылады:

  • өмірге, денсаулыққа және (немесе) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы өтініш;
  • "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына 7-қосымшаға сәйкес медицина қызметкерлерінің толтыруы үшін міндетті құжаттаманың тізбесінде көзделген медициналық құжаттама (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21579 болып тіркелген);
  • қайтыс болғаны туралы куәлік немесе анықтама (олар бар болса);
  • мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы (олар бар болса);
  • төлем құжаты – қағаз жеткізгіште жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған, соның негізінде немесе көмегімен төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын құжат;
  • үшінші тұлғаның мүлкіне келтірілген зиянды тәуелсіз бағалау нәтижесі.

Үшінші тұлғаның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянның мөлшері мемлекеттік медициналық мекемелерде немесе кәсіпорындарда берілген медициналық қорытындымен расталады (белгіленеді).

Үшінші тұлғаның мүлкіне келтірілген зиянның мөлшері тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша расталады (белгіленеді).

Сақтандырушы сақтандыру төлемін Сақтанушыдан немесе үшінші тұлғадан медициналық қорытынды, бағалау нәтижесін алғаннан кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Бұйрық 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.