Аталған құжаттар бүгіннен бастап күшіне енді.
ERNUR.KZ. Бүгіннен бастап «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң күшіне енді. Осылайша Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылды, деп жазады inform.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 5 шілдесінде Мемлекет басшысы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «„Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы“ заңдарға қол қойған болатын.
Аталған құжаттар бүгіннен бастап күшіне енді.
Заң нормаларына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланған.
Бұл аумақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту мақсатында құрылады.
Арнаулы аймақты кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде құру жоспарланған.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заңда мына мәселелер қарастырылған:
— Бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнаулы аймағын құру;
— Радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;
— Полигон аумағындағы радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;
— Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу.