Әскери қызметкер әйеліне жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақыруды тапсырып, өзі өртенген үйде қалған тұрғындарға көмекке жүгірген.
ERNUR.KZ. Семей қаласында әскери қызметкер өртенген үйден бала мен әжені аман алып шықты, деп жазады tengrinews.kz.
Абай өңірлік гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 11 қараша күні сағат 00:30 шамасында болған. Герцен көшесі, 67 мекенжайында орналасқан екіқабатты ағаш үй өртенген.
«Бұл кезде әскери қызметкер Самат Мәкенов жұбайымен осы ауданда орналасқан кинотеатрдан қайтып келе жатқан. Отқа оранған үйді байқаған олар бірден сонда ұмтылып, үйде тұратын адамдарды оята бастады», - делінген ақпаратта.
Әскери қызметкер әйеліне жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақыруды тапсырып, өзі өртенген үйде қалған тұрғындарға көмекке жүгірген. Самат өрт сөндірушілерді күтпей-ақ барлық тұрғынның есігін қаға бастады.
«Жалын мен түтін Саматтың дәлізде еркін жүруіне мүмкіндік бермеді. Ол сыртқа шығып, пәтері қызыл жалынның қақ ортасында тұрған әжені терезеден шығара бастады. Осы кезде оқиға орнына бірнеше адам жиналды. Кейіннен басқа пәтердің терезесінен жылап жатқан баланың дауысын естіген әскери қызметкер екінші қабатқа көтерілмек болғанда қолын жарақаттап алған. Соған қарамастан ол кішкентай бала мен оның ата-анасын өрттен құтқарып қалды. Көп ұзамай өрт сөндірушілер тілсіз жауды толықтай ауыздықтады», - делінген хабарламада.
Самат өзін ерлік жасадым деп санамайтынын айтты. Алайда оның дер кезіндегі әрекетінің арқасында адам шығыны болмады.
«Самат Мәкенов Абай облысы Көкпекті ауданы Луговое ауылында туып-өскен. Педагогикалық университетті «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіріп, жаттықтырушы болып жұмыс істеп, кейін әскери борышын өтеуге аттанды. Таэквондодан бірнеше дүркін әлем және Қазақстан Республикасының чемпионы. Қазір Самат аға лейтенант шенімен Өскемен гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қызмет етеді. Үйленген, Әли есімді ұлы және Айлин атты қызы бар», - делінген Абай өңірлік гарнизоны баспасөз қызметінің дерегінде.