Мекеме басшысы қылмыстық жауапқа да тартылуы да мүмкін.
Семейде бес жұмысшының оңбай жарақат алуына серіктестік директоры кінәлі деп танылды. Себебі жұмыс беруші кәсіпорындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бір ай бұрын құрылыс материалдарын шығаратын зауытта құбыр жарылып, ыстық су атқылаған. Осы сәтте жұмыста болған бес адам күйіп қалмас үшін екінші қабаттан секіріп кеткен. Терезені сындырып шыққандардың аяқ-қолы сынып ауыр жараланған. Тіпті дәрігерлер аурухана төсегіне таңылған науқастарға бірнеше мәрте ота жасаған. Осыдан кейін жәбірленушілердің туыстары өндірісте жарақат алғандарға басшылық көмек көрсетпеді деп наразылық танытқан. Тексеріс жүргізген комиссия серіктестік директоры «олқылық жіберген» дейді. Яғни ыстық су құбырларын жаңартқанда ешқандай жоба әзірленбеген. Тіпті техникалық сапасына да мән берілмеген көрінеді. Сол себепті директор жарақат алған жұмысшылардың жалақысымен қатар, барлық шығынын төлеуге міндеттелді. Қылмыстық жауапқа да тартылуы да мүмкін.
«Бұл жерде айыппұл қарастырылмаған. Себебі ҚР ҚК 156-бабы бойынша еңбек қорғау саласындағы қателіктері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Біз материалдарды құқық қорғау органдарына жібердік», - деді Абай облысы еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.