Кездесуге орта және шағын шаруа қожалықтарының басшылары келді.
Абай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бидай егісінің жай-күйімен танысып, жергілікті диқандармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесуге орта және шағын шаруа қожалықтарының басшылары келді. Олардың көпшілігі қытайлық инвесторлармен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты, бірақ өнімдерді, оның ішінде қауын мен асқабақ тұқымдарын экспорттауда қиындықтардың бар екенін атап өтті. Серік Жұманғарин шаруаларға бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында егін және мал шаруашылығы өнімдерінің 23 түрі бойынша хаттамаға қол қойылғанын хабарлады. Тағы 11 түрі бойынша келісім жоспарда бар. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қытайға экспорттың барлық мүмкіндігі туралы егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды.
«Соңғы 5 жылда Бесқарағай өңірінде тауарлы-сүт фермасын құрумен айналысып жатырмыз. Жоба өте күрделі. Алғашында жобалық-сметалық құжаттаманы 1200 басқа жоспарлаған болатынбыз, қазір 600 басқа қысқарттық. Өйткені ТСФ құру үшін суару және жем-шөп даярлау техникасы қажет. Жоспарлаған 5 млрд теңгеге оны жабдықтау мүмкін емес. Солтүстік облыстарда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар несие алады, бірақ біз ашық алаңға шығып жатырмыз, сондықтан несие алу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы екі кезеңге бөлуге мәжбүрміз, — деді «Бесқарағай» ЖШС өкілі Қайрат Смағұлов.
Серік Жұманғарин тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жылдық мөлшері 2,5%-бен несиелендіру тәжірибесін тарату жөніндегі Үлкен жобаның мақсаты қуаттылықты кеңейту және ТСФ үшін тәжірибесі мен базасы бар жаңа кәсіпорындар салуды қолдауға арналғанын атап өтті.
«ТСФ құрылысы – бұл аграрлық бизнестің өте жоғары деңгейі. Сондықтан бұл бағдарламаға қазірдің өзінде жинақталған базалары бар кәсіпорындар қатысады. Бұл өніммен 100% қамтамасыз ету үшін елге жылына шамамен 600 мың тонна сүт жетіспейді, бұл 110-115 жаңа ТСФ деген сөз. Семейге жеке сүт өндіретін зауыт керек», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Өз кезегінде депутат А. Қожаназаров тауарлы-сүт фермасын құру – ферманы салудан емес, 2-3 жыл бұрын жем-шөп базасын, оларды дайындау, сақтауға қажетті дүниелерді құрудан басталатын ұзақ процесс екенін атап өтті.
«Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Рүстем Ықыбаев «Қазақстанда мал шаруашылығының болашағы бар ма?» деген сауал қойды.
«Біз Абай облысына мал шаруашылығын дамыту мәселесін талқылау үшін келдік. Ертең біз Семейде республикалық семинар-кеңес өткізіп, онда мал шаруашылығын дамытудың жоспарларымен, табысты тәжірибелермен және мал шаруашылығының австралиялық әдісін енгізудің артықшылықтарымен бөлісеміз. Пилоттық жоба ретінде біз мал шаруашылығының осы әдісін енгізуге дайын бірнеше кәсіпорынды анықтадық. Келесі жылы оны кеңейтеміз. Біз мал шаруашылығын дамытуды қолдаймыз, бірақ мемлекет тарапынан фермерлерге қолайсыз талаптар да болады. Ең алдымен ет өндірісінің өзіндік құнын төмендету керек. Қазір Қазақстанда ет айтарлықтай қымбат, ал өндірілген ет экспортта бәсекеге төтеп бере алмайды. Мал өсірудің австралиялық әдісі жайылымдық өсіру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді», — деді вице-премьер.
Сонымен қатар шаруалар Абай облысында «ҚазСуШар» РМК-ның жеке филиалын ашу қажеттігі туралы да мәселе көтерді. Су қоймасы бар, егістік алқаптары бар, суару жүйесін енгізгісі келетіндер бар, бірақ «ҚазСуШар» филиалы жоқ. Серік Жұманғарин Су және ирригация министрлігінің өкіліне бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин барлық фермерді Семейдегі мал шаруашылығын дамыту жөніндегі семинар-кеңеске қатысуға және оларды толғандыратын барлық сұрақтарға жауап алуға, оның ішінде жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары туралы Аграрлық несие корпорациясы басшыларының бірінен тікелей білуге шақырды.
Сол күні вице-премьер 30 жылдан астам уақыт шұжық өнімдерін өндірумен айналысатын «АРАЙ-EAST FOOD» ЖШС-де болды. Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы – жылына 30 тонна шұжық. Жыл соңына дейін өз қаражаты есебінен қуаты жылына 60 тонна шұжық және консерві өнімдерін өндіретін қосымша желіні пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Семейде «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылысы басталды. Бұл ауысымына 200 бас ірі қара мал бордақылау желілері және ауысымына 1400 бас ұсақ мал бордақылау желілері бар ет комбинаты. Мұнда 5 тонналық шұжық цехы, бір ауысымда 12 тонналық консерві цехы болады. Кәсіпорын 2025-2026 жылдары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мал шаруашылығын дамыту жоспарларын ескере отырып, жаңа ет өңдеу қуаттары ет өндіру мен өңдеудің тұйық циклін құруға мүмкіндік береді.