Шаруалар ірі қара малын аурудан сақтандыра алады

0
839

Ірі қара малға қатысты тәуекелдер әлемдік нарықтағы «А» рейтингі бар Халықаралық қайта сақтандыру компанияларында сақтандырылады.


Шаруалар ірі қара малын аурудан сақтандыра алады

ERNUR.KZ. Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру саласының операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ірі қара малды сақтандыру өнімдерін бекітті, деп жазды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, бүгінге дейін агроөнеркәсіп кешенінде малды мақсатты түрде сақтандыру болмаған. Иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Егер, жоғалса немесе көлік қағып кеткен жағдайда ғана сақтандыру төленетін. Енді аурудан және басқа да қауіп-қатерлдерден сақтандыра алады.

«Қазіргі эпизоотиялық жағдай ескеріліп, шетелдік қайта сақтандырушылармен бірге түрлі тәуекелдерді сақтандыру өнімдері әзірленді. Осы өнімдер арқылы фермерлер малды өз шаруашылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы аурулар мен басқа да тәуекелдерден сақтандыра алады. Тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себептермен жарақаттануы және тағы басқалар кіреді», - делінген баспасөз баянында.

Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма мүшесі – басқарушы директоры Асқар Қалиевтың айтуынша, қазір елімізде етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.

«Мыңдаған шаруа қожалықтары етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін жеңілдетілген несиемен қаржыландырылуда. Мұндай жағдайда несие беруші ұйымдардың табан тірейтін қауіпсіздік тетігі болуы маңызды. Біз жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу фермерлерге тәуекелдерден қорғануға, жобаларды қаржыландыратын компанияларға салған қаражаттарын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз», - дейді ол.

Ірі қара малға қатысты тәуекелдер әлемдік нарықтағы «А» рейтингі бар Халықаралық қайта сақтандыру компанияларында сақтандырылады. Бұл сақтандыру жағдайы туындаған кезде фермерлерге кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шарт жасасу процесі, одан әрі фермер мен сақтандыру компаниясының және оператордың жұмысы WWW.QOLDAU.KZ электрондық платформасында жүргізіледі.