"Шекара дауын өршітуге қатысы жоқ": Қорғаныс министрлігі Тәжікстан мен Қырғызстанға оқ-дәрі беру мәселесін түсіндірді

0
540

Қорғаныс министрлігі барлық келісімнің Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауына дейін рәсімделгенін ерекше атап өтті.


ERNUR.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігі Тәжікстан мен Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетуге қатысты түсініктеме берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ведомствоның баспасөз қызметі барлық келісім Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауларына дейін рәсімделгенін атап өтті. Қазір осы келісімдерді ратификациялау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Тәжікстанның қорғаныс министрлігі 2019 жылдың желтоқсанында тәжік-ауған шекарасы ауданындағы жағдайдың шиеленісуіне орай Қазақстаннан әскери-техникалық көмек сұраған. Осыған байланысты 2021 жылдың 17 сәуірінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісім әзірленді. 2021 жылдың 2 наурызында Қазақстан мен Қырғызстан арасында да дәл осындай үкіметаралық келісімге қол қойылған.

«Бауырлас елдерге әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара маңындағы қақтығысты өршітуге еш қатысы жоқ. Бұл келісімдер Ауғанстаннан халықаралық коалиция елдерінің әскери контингентін шығару аясында жасалған. Оған қоса, әскери мүлік қарама-қайшылықтарды реттеу мен жағдайды қалыпқа келтіру туралы уағдаластықтарға қол жеткізген соң ғана Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізіледі», - делінген министрлік хабарламасында.

«Ашық НҚА» порталында Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қоғамдық талқылау үшін жарияланды.