Қазақстанда шамамен 400 жұмыспен қамту агенттігі шетелде қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысады.
ERNUR.KZ. 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша көші-қонның оң сальдосы +7 700 адамды құрады. Елге 11,3 мың адам келіп, 3,5 мың адам кеткен. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еліміздегі көші-қон ахуалы туралы баяндады.
Оның айтуынша, елге келушілердің негізгі бөлігі ТМД елдері мен Қытай Халық Республикасынан келген.
«Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында шетелде 156 мың Қазақстан азаматы бар. Қазақстан азаматтарының ең көп саны Ресей Федерациясында – 128 мың адам, Корея Республикасында – 15 мың адам, Польшада – 2,6 мың адам, ал Ұлыбританияда – 1,4 мың адам еңбек етеді», – деді спикер.
Шетелде жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында өткен жылы Қазақстан мен Катар үкіметтері арасында осы елдегі қазақстандық жұмыскерлерді еңбекке орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды. Ал биыл Катарлық жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары migration.enbek.kz порталында орналастырылады. Сондай-ақ Ұлыбританиямен еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы жасалды. Қазіргі уақытта осындай келісімдер мен меморандумдарды Оңтүстік Кореямен, Сауд Арабиясымен, БАӘ-мен, Словакиямен, Жапониямен, Швециямен, Италиямен, Норвегиямен, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстанда шамамен 400 жұмыспен қамту агенттігі шетелде қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысады. Олардың қызметін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
