Шетелдік әуекомпания қазақстандықтарға өтемақы төлейтін болды

0
142

Оқиға 2023 жылғы 21 желтоқсанда болған.


Шетелдік әуекомпания қазақстандықтарға өтемақы төлейтін болды

Фото:Tengrinews.kz архивінен

ERNUR.KZ. Алматы соты Lufthansa әуекомпаниясын қазақстандық жолаушыларға келтірілген залалды өтеуге міндеттеді. Оқиғаның мән-жайын адвокат Данильхан Шағатаев айтып берді, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиға 2023 жылғы 21 желтоқсанда болған. Осы уақытқа дейін тараптар арасында дау жалғасқан.

Адвокаттың айтуынша, 2023 жылғы 21 желтоқсанда Франкфурт – Алматы бағытымен ұшып келе жатқан ұшақ Астанаға жоспардан тыс қонған. Жолаушылар, оның ішінде бала да болған, әуежайда шамамен төрт сағат бойы тамақсыз, сусынсыз, трансферсіз және әуекомпания өкілдерінің қандай да бір ақпаратын ала алмай күтуге мәжбүр болған. Ақыр соңында оларға басқа рейске билет сатып алу ұсынылған.

"Әуекомпания өкілдері ешқандай ақпарат бермеді және түсініктеме жасамады. Соңында олардың бірі жолаушыларға басқа рейске билет сатып алуды ұсынып, әуекомпания кейіннен шығынды өтейді деп уәде берген. Соның нәтижесінде жолаушылар 2023 жылғы 22 желтоқсанда FlyArystan компаниясының ең жақын рейсіне билет сатып алған. Сонымен қатар, олар қонақүйде тұру және артық жүктің ақысы үшін де шығындалған", – деп жазды адвокат Telegram-арнасында.
Алайда әуекомпания өкілінің билет құнын қайтару жөніндегі уәдесіне қарамастан, жолаушылар ешқандай өтемақы алмаған. Адвокаттың айтуынша, олар бір жарым жыл бойы Азаматтық авиация комитетіне шағымданған, бірақ бәрі нәтижесіз аяқталған. Соңында олар сотқа жүгінген.
"Қазақстан қатысушысы болып табылатын Монреаль конвенциясын басшылыққа ала отырып, Алматы Түрксіб аудандық соты шетелдік әуекомпанияға қатысты талабымызды қарады. Нәтижесінде сот Lufthansa компаниясын әрбір жолаушыға сатып алынған билеттер құнын, қонақүйдегі тұру шығындарын, артық жүкке төленген ақыны, сондай-ақ моральдық зиян мен сот шығындарын өтеуге міндеттеді. Алайда шешім заңды күшіне енген жоқ", – деп нақтылады адвокат Шагатаев.