Енді мемлекеттік бюджет тек отандық спортшыларды дамытуға жұмсалады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет тарапынан қаржыландыруға тыйым салынды. Бұдан былай кәсіби клубтар тәжірибе арттыру немесе клуб әлеуетін көтеру мақсатында шетелдік спортшыларды шақыратын болса, мемлекеттік бюджеттен тыс қаражат қарастыруы керек. ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Енді мемлекеттік бюджет тек отандық спортшыларды дамытуға жұмсалады. Бұған қоса бұқаралық және жастар спортын дамыту пайдасына бюджет ресурстарын қайта бөлудің ағымдағы үрдісін ескере отырып, бір мезгілде айлық есептік көрсеткіштің белгіленген мәнін қолдана отырып, кәсіби спорт клубтарын қаржыландырудың шекті деңгейі белгіленеді.
«Бұл тетік инфляциялық процестерді ескеруге мүмкіндік береді және олардың жыл сайынғы автоматты қысқаруын болдырмай, қаржыландыру көлемінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осылайша, футболдан негізгі ерлер, әйелдер, жастар командасын және балалар-жасөспірімдер академиясын ұстауға қаржыландыру лимиті 2,5 млрд теңге, шайбалы хоккей бойынша лимит 1,5 млрд теңге және спорттың басқа ойын түрлері бойынша 500 млн теңгеден аспайды», – деді вице-министр.
Сондай-ақ бас жаттықтырушылар, жаттықтырушы-консультанттар, негізгі команданың жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақылары 2 млн теңгеден аспайды.
«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң аясында рухани құндылық болып саналатын ұлттық спорттың да орны жоғары спорт тізімімен теңестірілді. Елімізде спорт түрлері реестріне 11 ұлттық спорт түрі ресми тіркелді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Астанада спорт саласындағы докторантураға дейін білім беруді іске асыратын Ұлттық спорт университеті қолданысқа беріледі. Сондай-ақ Қызылордада халықаралық стандартпен салынып жатқан сыйымдылығы 11 000 орындық стадионы мен Түркістанда ескек есу каналының құрылысы аяқталуға жақын. Ал елордада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынуда, оны 2026 жылы тапсыру жоспарда бар.
Ұлттық құрылтайда Президент берген тапсырмаға сай Астана қаласында балалардың білім беруі мен спортын дамыту бағытында бірқатар табысты жеке бастамалар іске асырылуда. Соның ішінде жеке инвестициялар есебінен салынған Sana Sport, Sana Bilim және QazSwimAcademy нысандарының үлгісін атап өтуге болады.